Қарағандылық түлекті шетелдің жеті жоғары оқу орны шақырды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды NIS түлегі (Назарбаев зияткерлік мектебі) Адихан Түйшиев жеті шетелдік жоғары оқу орнынан шақырту алды. Жас жігіт өз өмірін IT-технологиялармен байланыстырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Адихан Түйшиев 18 жаста. Биыл ол NIS-ті бітіріп, бірден бірнеше шетелдік университеттерге емтихан тапсырған.

«Маған Америкадан, Сингапурдан, Венгриядан, Германиядан және басқа елдерден шақырту жіберілді. Мен Германиядағы Jacobs University Bremen-ді таңдадым, өйткені ол маған толық грант берді. Бұл халықаралық оқу орны, онда бүкіл әлемнің студенттері оқиды. Олар ағылшын тілінде сабақ береді», – дейді Адихан.

Болашақ студент нақты ғылымдарда да, IT-бағытта да жетік. Ол көптеген облыстық және республикалық олимпиадалардың, конкурстардың жүлдегері. Сондай-ақ, Адихан спортпен шұғылданады және көп оқиды. Оған ҰБТ-да 140 балдан 137 балл жинауға табиғи қызығушылық пен қажырлы еңбегі көмектескенін айтады.

Ол мектепті «Алтын белгіге» бітірген.

«Маған білім берген ұстаздарыма ризамын. Олар маған көп нәрсені үйретті, бойымдағы қасиеттерімді ашты. Мен дарынды балалар үшін барлық жағдай жасалған NIS-те оқығаныма қуаныштымын. Біздің мектепте оқушыларды шабыттандыратын және ынталандыратын ерекше энергетика бар», – деді түлек.

Германияда жоғары білім алғаннан кейін Адихан Қазақстанда жұмыс істеуді жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар