Қарағандылық спортшы ауыр атлетика бойынша 7 рекорд орнатты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық спортшы жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Қазақстанның жеті рекордын орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда қаласында 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен бойжеткендер арасында ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтті. Сайыста еліміздің 14 облысынан, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан келген 18 команда бақ сынады. Додаға барлығы 200-ден астам спортшы қатысты. Алты күн бойы жасөспірімдер арасында кіл мықтыны анықтау үшін қызу күрес жүрді.

Бұл сайысқа Қарағанды облысынан он спортшы қатысты. Облыстық кешенді спорт мектебінің өкілі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Артем Антропов 96 кг салмақ дәрежесіндегі жасөспірімдер арасында жұлқи көтеруде - 155 кг, оқыс серпуде - 205 кг және қоссайыс бойынша - 360 кг көтеріп, жеті мәрте Қазақстан рекордын жасады.

Артем Антропов Қазақстан чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Аталмыш жарыстардың нәтижесі бойынша және ҚР Ұлттық құрамасының сапында ол Нови Извор қаласына (Болгария) оқу-жаттығу жиынына шақыру алды. Онда Артем маусым айында Фиджи аралының астанасы Сува қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіне дайындалады. Болашағы зор жас спортшыны Иван Сергеевич Снегуров жаттықтырады.

Қарағандылық бойжеткендер де Қазақстан чемпионатында нәтижелі өнер көрсете білді. Екінші орынды облыстық кешенді спорт мектебінің тәрбиеленушісі Аиша Омарова және Теміртау қаласындағы ОРОММИК шәкірті Софья Лоос иеленді. Қола медальді Металлургтер қаласының спортшысы Екатерина Серякова жеңіп алды.



Фото: ekaraganda.kz

Соңғы жаңалықтар