Қарағандылық спортшы аударыспақтан Азия чемпионы атанды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық спортшы ҚР Этноспорт Қауымдастығының жастар арасында аударыспақтан ұйымдастырған І Азия чемпионатында бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық ат спорты түрлерінен жастар арасындағы бірінші Азия чемпионаты 16-21 сәуір аралығында Алматы маңында өтті. Жарыс алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылған болатын. Көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату біріншілігіне Азияның 10-ға жуық елінің жастар құрама командалары жиналды. Олардың арасында Қазақстан, Мажарстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Малайзия, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан спортшылары болды.

Спортшылар 7 күн бойына өзара мықтыны анықтаумен болды. Қарағандылық Нұрбек Аманжол аударыспақ бойынша 50 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанып, оған құны 400 000 теңгенің көлеміндегі сертификат табыс етілді. Ол сондай-ақ осы жылдың наурыз айында өткен жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1 орын алған болатын.

Нұрбек Шет ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Осы спорт түрімен 5 жыл айналысады. Жас спортшыны бапкер Сағат Төлеуов жаттықтырады.

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 16 000 000 теңгені құрады.

Жастар жылы аясында өткізілген жарыстарды Үйлестіру және ынтымақтастық жөніндегі Түрік агенттігі (TIKA) қолдады. Чемпионаттың басты серіктесі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.

Жарыс қорытындысы бойынша, жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1-орынды иеленді. 2 орын - Моңғолия құрамасына және 3 орын - Өзбекстан құрама командасына бұйырды.

Соңғы жаңалықтар