Қарағандылық шенеуніктер қоғамдық көліктерде жүретін болады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өзінің орынбасарларынан кем дегенде аптасына бір рет қоғамдық көлікте жүруді талап етті, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Аппараттық жиналыста ол Қарағанды қаласының әкімінен электрондық жол ақы жүйесінің енгізілуіне қатысты есепті талап етті:

«Біз бұл туралы қаңтарда айтқан болатынбыз. Сіздер мамырда іске қосамыз деп уәде берген болатынсыздар. Мен білемін - іске қостыңыздар. Енді қандай деңгейде екені туралы мәлімдеңіздер». 

Қала әкімінің айтуынша, құрылғыларды орнату жұмыстары аяқталды. Ол аталмыш жүйе жыл соңына қарай жұмыс істей бастайтынына уәде берді. 

- Біз барлық жеңілдік берілетін азаматтар, әлеуметтік көмек алатындар тізімін реттедік. «КаР-Тел» компаниясымен интернет тарату жөнінде келісімшарт жасалды. Қыркүйектен бастап жүйеге қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар басталды. Шамамен 300-ге жуық адам жұмыс істейді, ол - бағдарламалаушылар, диспетчерлер, техниктер, - деп мәлім етті Нұрлан Әубәкіров. «Жалпы, құрылғыларды орнатуды біз аяқтадық. Желтоқсанда жүйені толықтай іске қосамыз». 

Ерлан Қошанов электрондық билеттеу жүйесін енгізуді бақылауды жалғастыруды тапсырды. Бұған қоса, ол жолаушыларды тасымалдау сапасына назар аударды. 

- Сіздер нашар бақылайсыздар. Тағы да біз бұрынғы жағдайға оралып келеміз. Тазалық, жүйелілік және сыпайы қызмет көрсету сапасы - осының барлығын қадағалауды жалғастыру қажет. Кесте құруды тапсырамын: менің орынбасарларым, басқарма басшыларынан бастап, барлығын бағдарлар бойынша бөліп тастаңыздар, қоғамдық көлікпен жүрсін. Ол тізімге Қарағандының әкімін де енгізіңіздер, өз орынбасарларымен бірге жүрсін. Шенеуніктер қоғамдық көлікте жүрген әр сапарларын сипаттаулары тиіс, - деді Ерлан Қошанов қала басшысына.  

 

Соңғы жаңалықтар