Қарағандылық шаруа қожалықтары Өзбекстанды сиыр етімен қамтамасыз етуде

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы 2019 жылы Өзбекстанға мал шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайтады. Жергілікті шаруа қожалығы аталмыш елмен 28 мың бұқа жеткізу туралы келісімшарт жасасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Жәке» шаруа қожалығының бордақылау алаңында болып қайтты. Өңір басшысына кәсіпорынның алдағы жоспарлары туралы айтылды.

Ірі қара мал бордақылауға арналған ауқымды алаң 2016 жылы Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауылдық округінде іске қосылды. 20 гектар жерге мал қоралары мен басқа да өндірістік үй-жайлар орналасқан. Кәсіпорын америкалық технология бойынша жұмыс істейді. Жем тарату механикаландырылған, ал суарғыштар автоматты жүйе бойынша әрекет етеді.

«Екі жыл ішінде біз өндіріс көлемін 5 500 басқа дейін өсірдік. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 мың басқа дейін жеткізуіміз керек. Келесі жылы өндіріс қуатын толық күшіне қосуды жоспарлап отырмыз - жылына бордақыланған 40 мың бас бұқаны сатуға шығарамыз», - деді кәсіпорын өкілі Алмас Сыздықов.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша оператор ретінде «Жәке» ШҚ биыл Ресейден - 5000 бас ірі қара, Польшадан - 2000 бас ірі қара сатып алуды жоспарлап отыр.
null

Кәсіпорын мал шаруашылығы өнімдерін елдің ішкі нарығына да, шетелге де сатады. Экспорттық жеткізілімдер бүгінде екі бағытта жүріп жатыр. Шаруа қожалығының өнімдері Өзбекстан мен Иранға шығарылады.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды малдардың генетикасын жақсарту жұмыстары жүргізілуде. «Жәке» шаруа қожалығы мал шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін жергілікті фермерлермен байланыс орнатқан.

Ерлан Қошанов өндірісті қарап, етті қайта өңдеуді дамыту қажеттігін атап өтті.
null null

«Өңірге ет өңдеу комбинаты өте қажет. Мүмкіндіктерді пайдалану керек. Қазір «қарапайым заттар экономикасы» жаңа бағдарламасы пайда болды, оның аясында мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылған», - деді облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамыту - аграрлық саланың басым бағыттарының бірі. Елбасы еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды 2,5 есе арттыру міндетін алға қойып отыр.

Соңғы жаңалықтар