Қарағандылық Сарыбас атты тазы республикалық жарыста жеңімпаз атанды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Көкшетауда тазы тұқымды иттердің республикалық жарысы өтті. Оған Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан осы тұқымның 40-қа жуық өкілі қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Сарыбас атты тазысы республикалық додада жеңімпаз атанды.

«Сарыбас екі жаста, ол қазақ тазысы. Биыл ол облыстық және республикалық жарыстарда алты рет бірінші орынға ие болды», – деді тазының иесі Арман Оралхан.

Арманның айтуынша, мұндай жарыстардың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды, атап айтқанда тазы тұқымын сақтау. Сондай-ақ, осы тұқымының ең жылдам өкілін анықтау.

Жарыстағы қашықтық әртүрлі – екі шақырымға дейін. Көкшетауда иттер 1,3 шақырым жүгірді. 30 финалисттің ішінде Сарыбас бірінші болды.

«Менің ойымша, әр қазақ тазы ұстап, атқа міне білуі керек. Бала кезімнен бері тазыларым бар, мен олармен осы күнге дейін айналысып келемін. Иттерге ерекше күтім қажет, оларға арнайы тамақ дайындаймын. Қазір үш тазым бар – Сарыбас, Сұңқар және Ақкиік. Бірақ Сарыбас ерекше. Жарысқа тек соны шығарамын. Болашақта Сарыбастың күшіктерін өсіргім келеді. Алдағы уақытта да жарысқа қатысу жоспарда бар», – дейді Арман Оралхан.


Соңғы жаңалықтар