Қарағандылық полицейлерге 80-нен астам қызметтік көлік табыс етілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов облыстық ПД қызметкерлеріне 86 қызметтік көліктің кілтін табыс етті. Салтанатты шара Қазақстан полициясы күніне орайластырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысы полиция департаментінің автопаркі 86 қызметтік автокөлікпен толықты. Бүгін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ерлан Файзуллинге жаңа арнайы машиналардың кілттерін табыс етті. Көліктер жол-патруль қызметі мен жергілікті полиция бөлімшелеріне беріледі.

«Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Еліміздің әр азаматының тұрақтылығы мен тыныштығы - сіздердің ерен еңбектеріңіздің нәтижесі. Тұрғындар әртүрлі өмірлік жағдайларда бірінші кезекте сіздерге жүгінеді. Күндіз де, түнде де сіздер алдыңғы қатардасыздар», - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Өңір басшысы егеменді Қазақстанның барлық жетістіктері тәртіп сақшыларымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Президент тапсырмасы бойынша өңірде полиция департаменті бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша тиімді шаралар қабылдануда, бұл облыста құқықтық тәртіп орнату үшін бірлескен жауапкершіліктің жаңа міндеттерін алға қояды.

«Бізге бөлінген қаражаттың 90%-ы жергілікті полиция қызметін жарақтандыруға кетеді. Бірінші кезекте бұл - планшеттер, бейнетіркегіштер, процессорлар. Сондай-ақ, көлік. Өкінішке қарай, олар уақыт өте келе тозады. Бірақ, соңғы үш жылда облыс әкімінің арқасында полиция қызметіне бөлінетін қаражат көлемі анағұрлым ұлғайғанын атап өткім келеді. Біз ол үшін үлкен алғысымызды білдіреміз», - деді Қарағанды облысы полиция департаментінің басшысы Ерлан Файзуллин.

«Kia», «Нива» және «Соболь» маркалы қызметтік автомобильдер дауыс зорайтқыш құрылғымен, радиостансамен және басқа да қажетті құралдармен жабдықталған. Салтанатты іс-шарадан кейін автокөліктер қызмет атқару орындарына шықты.

Соңғы жаңалықтар