Қарағандылық оқушы «Жусан иісі» шығармасы негізінде үстел ойынын құрастырды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Ақнұрай Амангелді Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесі негізінде «Білім батл» үстел ойынын құрастырды. Аталмыш шығарма жалпы орта және Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламасына енгізілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақнұрайға үстел ойынын құрастыру идеясы 6-сыныпта оқып жүргенде келген.

Сыныптастарының көркем шығарма оқуға қызығушылығының жоқтығы, шығарма мазмұны мен ондағы кейіпкерлерді есте сақтау қиындығы, көркемдегіш құралдарды ажырата алмау секілді мәселелерді көрген кезде бұл мәселені шешудің жолын ойластырған.

Көркем шығармалар негізінде құрылған үстел ойындарын зерттеу барысында оқушы шетел әдебиетіне сүйене отырып жасалған үстел ойындарының көп екендігін, ал қазақ әдеби шығармалары негізінде құрылған ойындардың жоқтың қасы екенін анықтаған.

Оқушының идеясына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, жобаның жетекшісі Сүлейменова Мейрамгүл Мейрашқызы мен өнер пәнінің мұғалімі Жамелов Қайыржан Жеңісұлы бірлесе қолдау көрсетіп, 6 айда үстел ойынын құрастырып шығарған.

Ойында «Кейіпкерді таны», «Сурет-сюжет», «Ой зерек», «Сөз көркем» деген әрқайсысы 20 картадан тұратын жалпы саны 80 карта бар.

Ойын кілемшесіндегі ойыншылардың жүру бағыттары ұлттық ою-өрнек түрінде берілсе, ойын элементтері қобыз, торсық, домбыра, жылқы секілді ұлттық құндылықтарға негізделіп жасалған.

Ақнұрай үстел ойынына авторлық құқық алғанын айтады.

«Қазақ әдеби шығармаларды ойын арқылы меңгертудің нәтижесі жоғары, өйткені сабақта және үзіліс кезінде ойнаған сайын сыныптастарым шығарманы өте жақсы меңгеріп алды»,- дейді Ақнұрай.

Ақнұрай алдағы уақытта ойын ережесіне аздаған өзгеріс енгізу арқылы үстел ойынын телефон арқылы ойнауға ыңғайлы болатын қосымшаға айналдыруды көздеп отыр.


Соңғы жаңалықтар