Қарағандылық оқушы Еуропа жасөспірімдер олимпиадасында жүлделі орын алды

2022 жылғы 30 қыркүйек, 07:28
Қарағандылық оқушы Еуропа жасөспірімдер олимпиадасында жүлделі орын алды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық 10-сынып оқушысы EJOI-2022 информатика бойынша Еуропа жасөспірімдер онлайн олимпиадасында 2-орын иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

Украина ұйымдастырған EJOI-2022 информатика бойынша Еуропалық жасөспірімдер онлайн олимпиадасына 32 елден 172 оқушы қатысты. Қазақстан құрамасының намысын 8 адам қорғады – олардың барлығы зияткерлік жарыстардың жүлдегерлері. Қарағанды қаласының №1 Білім-инновация лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Абзал Бекежан күміс медальға ие болды.

«Олимпиада жетістігі – бір күннің, тіпті бір айдың нәтижесі емес. Әдетте балалар пәндік олимпиадаларға 6 немесе 7-сыныптан бастап қатыса бастайды, ал Абзал 8-сыныптың ортасында информатика жарыстарына кірісті. Өз бәсекелестерінен сәл кейін бастады. Дегенмен, ол айтарлықтай жетістікке жетті. Жасөспірімдер олимпиадасына ол алғаш рет қатысып отыр. Мектепте жұмыс істеген 8 жыл ішінде менің оқушыларым әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларға 531 рет қатысып, 281 медаль жеңіп алды», - дейді Абзалдың оқытушысы Нұрсұлтан Ахметов.

Нұрсұлтан Ахметов те кезінде №1 Білім-инновация лицей-интернатында оқыған. Ал, кейінгі 4 жыл бойы осы білім орласында сабақ береді. Информатика пәні мұғалімінің айтуынша, ең бастысы – оқушыны дұрыс бағыттау және оған олимпиадалық жолдың басын көрсету қажет, содан кейін ол өзін-өзі ілгері алып кете алады.

«Біз осындай деңгейдегі алдыңғы олимпиадалардың тәжірибесін қайта қарадық және зерделедік. Жарысқа екі апта қалғанда іріктеуден өткендерді Астанада жинап, дайындықтарын пысықтады. Олимпиада өте қиын болған жоқ. Екі кезеңнен тұрды, олардың әрқайсысында үш тапсырма берілді. Қазақстан құрамасында сегіз оқушы қатысып, барлығы жүлделі орындарға ие болды – 5 екінші және 3 үшінші орын. Қарағанды облысының атынан мен жалғыз өзім шықтым. IT саласында одан әрі білімімді дамытуды жоспарлап отырмын», - дейді Абзал.

Айта кетсек, информатика бойынша Еуропа жасөспірімдер олимпиадасы (EJOI) 2017 жылдан бері өткізіліп келеді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar