Қарағандылық мердігерлер бір ай ішінде жолдағы барлық ақауды жоюға тиіс

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда мердігерлер өз есебінен 15 жолды қалпына келтіреді. Барлық ақаулар мамырға дейін жойылуы тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағандылықтардың жол сапасына қатысты барлық наразылығы орынды. Барлық ақаулар жойылады. Мердігер компанияларда кепілдік міндеттемелер бар. Сол құжаттарға сай мердігерлер өз есебінен олқылықтардың орнын толтыруы тиіс. Әзірге ол жұмыстарды бастауға ауа райының қолайсыздығы кедергі болып тұр. Сондықтан уақытша шаралар қолдану керек - ойықтар мен шұңқырларды қолда бар материалдармен бітеп, уақытша өткелдер ұйымдастыру қажет. Ал күн жылыған бетте жөндеу жұмыстарына кірісу керек. Мамырға дейін барлық кепілдік жұмыстар жасалуы тиіс», - деді қала әкімі Нұрлан Әубәкіров.

Қала басшысының айтуынша, қазір Қарағандыда 152 жол кепілдендірілген мерзімде. Олардың 15-інде ақаулар, дәлірек айтар болсақ, шұңқырлар, жарықтар пайда болды және жол жабындысының жоғарғы қабаты мүлдем бұзылған. Мердігерлердің айтуынша, мұндай жағдай сапасыз битумға байланысты туындаған. Мердігер ұйымдардың өкілдері қала әкіміне барлық ақаулар жойылатынына айтып, сендірді.null

Нұрлан Әубәкіров сондай-ақ биылғы жылы Қарағандыда 17 жол мен 25 өтпелі жол жөнделетінін айтты. Сондай-ақ, үлкен жолдарда бұрын басталған жұмыстар аяқталады. Атап айтқанда, Құрылысшылар даңғылындағы екі жылдық жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс.

«Су құбырлары, жылу желілерінің бір бөлігі ауыстырылды. Қазір нөсер кәріз жүйесі салынуда. Ал ауа райы жылына салысымен жұмысшылар асфальтбетонды, жолжиектерді ауыстырып, техникалық жаяу жүргіншілер жолын жасап, жарық орната бастайды. Жұмыстар осы жылы аяқталуы тиіс. Жаздың соңына қарай ең жақсы жолдардың бірі осы Құрылысшылар даңғылында болады», - деп түсіндірді Нұрлан Әубәкіров.

Сондай-ақ, қала әкімі Майқұдықтағы К. Маркс және Магнитогорская көшелеріндегі жолдың бір бөлігін жөндеу туралы жоспарымен бөлісті. Бұл жолдарда шұңқырларды бітеу жұмыстарымен ғана шектелу мүмкін емес, сондықтан жаяу жүргіншілер жолдары, су ағар кәріздер, жарықтандыру және жол қиылысы жүйелерін жаңартуды қарастыратын жөндеу жұмыстарының жобасы құрылды. Аталмыш жұмыстар биыл басталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2019 жылы 7 магистральға ағымдағы жөндеу жүргізлуі тиіс.

«Кепілді емес, жоспарлы жөндеуге түспеген жолдар да бар. Мысалы, Сити молл бұрылысында, сондай-ақ Ермеков көшесінің қиылысында 45 орамдағы үлкен шұңқырлар уақытша кеспе тастармен бітелді. Кейін осы жолдарда біз ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұқар жырау даңғылының жол өтпесінен 16-шы дүкенге дейінгі учаске жоспар бойынша биыл жөндеуден өтеді. Бұқар жырау даңғылында көлік кептелісін болдырмас үшін жұмысты біртіндеп жасаймыз. Кепілдік жөндеу жүргізілген барлық жолдарда мердігер компаниялар туралы ақпарат көрсетілген стендтер қою керек. Қала тұрғындары осы жол учаскесінің сапасына жауап беретін нақты ұйымды білсін», - деді қала әкімі.

Соңғы жаңалықтар