Қарағандылық мемлекеттік қызметшілер өз бонустарын қалай жұмсамақ

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде пилоттық режимде еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Департамент қызметкерлері бұл жобаның тиімді тұстарын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндетін қойған болатын. Кез келген реформаның жетістігі оның қызметшілерінің кәсібилігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыда оларға қойылатын негізгі талап - қоғам игілігі үшін елеулі нәтижелерге қол жеткізу. Бұл - мемлекеттік аппараттың жұмысына баға беріп отырған басты шарт.

Осы принцип Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде сынақтан өткізілетін сыйақы жүйесінде негізге алынған. Оның басты ерекшелігі - қызметшінің жалақы мөлшеріне оның соңғы нәтижеге қол жеткізуге қосқан үлесі әсер етеді.

«Біз мерекелерде берілетін сыйлықтан бас тарттық және ынталандыру ретінде тек тиімді қызметкерлер үшін бонустарды қолданамыз», - деп хабарлады МҚІСҚА төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова.

Көпшілік санасында қалыптасқан стереотиптер бойынша сыйақы мен бонус бірдей секілді көрінеді. Дегенмен, бұлар - мүлдем әртүрлі ынталандыру құралдары. Біріншіден, бонус жұмыста нәтижеге қол жеткізген жағдайда жылына бір рет төленеді. Ол қызметшілердің жеке жоспарын бағалау негізінде анықталады.

«Жалпы, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу ең алдымен мемлекеттік қызмет имиджін көтеруге мүмкіндік берді. Еңбек әділ бағаланады және төленеді, әрбір мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігін арттырады және департаменттің әрбір қызметкері алға қойылған мақсаттар мен нәтижелерге қол жеткізуге мүдделі болады», - деп хабарлады департамент басшысының орынбасары Талант Медет.

Бонус алу үшін қызметкерлерге жеке жоспарда белгіленген бес шартты орындау қажет. Егер мемлекеттік қызметші осы бесеуден үш шартты орындамаса, ол бонус алу мүмкіндігінен автоматты түрде айырылады. Сондай-ақ, бонустың мөлшеріне орындаушылық және еңбек тәртібін сақтау да әсер етеді.

Егер қызметші құжаттарды орындау мерзімін бұзса немесе жүйелі түрде кешіксе, ол жауапкершілікке тартылады, онда оның бонустары жартылай азаяды. Бірақ тиімсіз қызметшілер бонустардан мүлдем айрылады. Мұндай бағаны екінші мәрте алған қызметкер жұмыстан босатылуы да мүмкін.

Жаңа жүйенің екінші айырмашылығы - теңсіздіктің алдын алуына қатысты. Бүгінде сыйақы төлеу мемлекеттік органда үнемделген қаражаттың болу-болмауына тікелей байланысты. Бұл ынталандыру мәселелерінде белгілі бір теңгерімсіздікке әкеледі. Әсіресе, ол аудандық және ауылдық деңгейде жиі байқалады. Жаңа жүйеде бұған жол берілмейді, себебі бонус әр қызметшіге жоспарланады.

«Әрине, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі әріптестерімнің және менің өміріме оң әсер етті. Біз жаңа төлем жүйесінде қарастырылған бонустар алуға барынша тырысамыз. Мен осы жылы отбасымды құруды жоспарлап отырмын, ол үшін менің тапқан бонустарым үлкен көмек болып отыр. Әріптестеріммен сөйлескенде, олардың біреуі тұрғын үй алу үшін депозитін толықтырып, біреу тұтынушылық несие бойынша қарызды мерзімінен бұрын өтеуге мүмкіндік алғанын естимін»,-дейді департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Олжас Бұрханов.

Жалпы, факторлық-баллдық меже жиынтығында бонустар біріншіден, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қызметтік міндеттерді тиімді және адал атқаруға ынталандырады. Оған жоғарыда келтірілген мысалдар дәлел. Екіншіден, мемлекеттік қызметтің сапалы құрамын арттыру үшін жағдай жасайды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл - пилоттық жоба. Оны одан әрі ауқымды түрде қолдану пилоттық қорытындылар бойынша жүзеге асырылады. Мемлекеттік органдардың шығыстарын оңтайландыру бюджетке қосымша жүктемесіз көшу жолымен қамтамасыз етіледі.

Соңғы жаңалықтар