Қарағандылық қыз полицейлерге алғыс айтты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының атына қала тұрғынынан орталық полиция бөлімінің екі қызметкерін: аға лейтенанттар - Рүстем Тәттімбетов пен Мансур Дайыровқа қылмысты жылдам ашқаны үшін алғыс айтып, ынталандыруды сұраған өтініш келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 9 ақпан күні 22 жастағы бойжеткен Ермеков көшесімен үйіне келе жатады. Кенет белгісіз ер адам алдынан шығып, туыстарына қоңырау шалып алайын деп телефонын сұрайды. Телефонын берген бойда ер адам зыта жөнелген. Қыз оны қуып жетпек болады, бірақ анау жеткізбей кетеді.

Жәбірленуші тонау фактісі туралы орталық полиция бөліміне арыз түсіреді. Қылмыстық полицияның жедел уәкілдері Рүстем Тәттімбетов пен Мансур Дайыров қыздан ұрының сырт келбетін сипаттап беруін сұрап, сол арқылы күдіктінің фотороботын жасайды. Жедел шаралар нәтижесінде полицейлер бұрын сотталған 50 жастағы ер адамды ұстады. Бұл кезде күдікті қыздан тартып алған телефонды сатып үлгерген екен.

Әлі телефонын қайтара алмаса да, қарағандылық қыз полицейлердің жылдамдығына риза болып, алғысын білдірді.

Қазір заттай айғақты тәркілеу бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Осы іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабына («Тонау») сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар