Қарағандылық құрылысшылар Астананы қалай салғандарын айтып берді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Астананың алғашқы нысандарын тұрғызған құрылысшылар Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен кездесіп, жас елорданың қалай бой көтергендігі жайлы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кездесу Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім алған Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде өтті. «Трест Карагандажилстрой» бас инженері Владимир Госман кезінде Астананың 9-шағын ауданында тұрғын үй кешенін, цирк алдындағы алаңды  салған. «Біз елорданың кірпішін алғашқылардың бірі болып қаладық және оның әлемдік деңгейдегі қала болатынына сендік. Президенттің көрегенділігінің, халықтың бірлігінің арқасында жоспар сәтті іске асып, көркем Астана бой көтерді», - деді құрылыста 43 жылдық еңбек өтілі бар Владимир Госман.

Владимир  Госманның әріптесі - «Трест Карагандажилстрой» бас инженері Владимир Корж елорда құрылысына 8 жыл араласқан. «Командамыз Желтоқсан көшесіндегі үйлердің қасбетін жөндеді. «Тікұшақтарға арналған ангар» салдық. Астананың онжылдығына орай 2008 жылы салынған цирк маңындағы субұрқақ құрылысына техникалық қадағалау жүргіздім», - деп сол кезеңдерді еске алды құрылыс саласында 53 жыл еңбек етіп келе жатқан Владимир Александрович Корж.

Әкім бірегей сәулетпен көрікті елордамыздың құрылысына үлес қосқан құрылысшыларға алғыс білдірді. «Осы жерде Мемлекет басшысымен қатар жүріп, елорданы салуға жәрдемдескен құрылысшылар жиналып отыр. Н. Назарбаевпен бірге Теміртау мен Қазақстандық магнитканы салған оның үзеңгілестеріне алғысым шексіз. Еңбек жолын кеңестік кезеңде бастап, тәуелсіз Қазақстанда жалғастырған әрқайсыңыздың елдің дамуына қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз», - деді Ерлан Қошанов. 

1 2 3 

Соңғы жаңалықтар