Қарағандылық кеншілер зейнетке шығу мәселесі бойынша министрмен кездесуді қалайды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Кеншілер мерзімінен ерте зейнетке шығу мәселесін талқылау үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен кездескісі келеді. Қарағанды облысының әкімі бұған көмек көрсетілетінін айтты. ҚазАқпарат бұл туралы өңір әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қарағандыда кеншілер ұжымдарының мәселелері жөніндегі келісім комиссиясы жұмысын жалғастыруда. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өткізген кезекті отырыста «АрселорМиттал Теміртау» Көмір департаментінің шахталарын дамыту әлеуеті талқыланды.

«Келісім комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Кеншілер ұжымдарын толғандыратын мәселелердің көпшілігі оң шешім тапты. Бұл, әрине, біздің кәсіпорындардың тұрақты жұмысына ықпал етеді. Бірақ біз жауабын күтіп жүрген бірқатар жүйелі сұрақтар қалып отыр», – деп атап өтті «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.

Ең бастысы – мерзімінен ерте зейнетке шығу. Кеншілер Еңбек және әлеуметтік қорғау министрімен кездесуді күтетінін, ведомствоның бұл мәселеге қатысты ұстанымын тыңдағысы келетінін жеткізді. Ермағанбет Бөлекпаев бұған көмек көрсетілетінін айтты.

Компания өкілдері инвестициялық жобалар, жабдықты жаңарту жоспарлары туралы хабардар етті. Кездесуде «АрселорМиттал Теміртау» басшылығынан инвестициялық бағдарламаны әр шахта ұжымына таныстырып шығу талап етілді.

«Бұл ақпарат қолжетімді болуы керек. Презентацияларды кәсіпорындарға орналастырыңыздар, кездесулер өткізіңіздер. Кеншілер өз шахталарының болашағын көруі тиіс», – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ қызметкерлерді сауықтыру мәселесі көтерілді. «Шахтер» демалыс үйі мен «Жартас» шипажайы жөндеуге жабылғаннан кейін кеншілер Қазақстанның шипажайларына жолдама ала алады. Компания басшылығы бұл мәселеде ешқандай проблема болмайды деп сендірді.


Фото: Қарағанды ​​облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Соңғы жаңалықтар