Қарағандылық кәсіпкерлер санитар дәрігерлер мен еріктілерді көлікпен қамтамасыз етті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық кәсіпкерлер санитар дәрігерлер мен еріктілерді көлікпен қамтамасыз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қарағандыда «БИПЭК АВТО-АЗИЯ» компаниялар тобы карантин кезеңінде санитарлық дәрігерлер мен еріктілерге жеті көлік берді. Кәсіпкерлер автокөліктерді күтіп ұстау және жүргізушілерге жалақы бойынша барлық шығындарды өз мойнына алады.

- COVID -19-бен күресетін қызметкерлердің жұмыс режимі мен жүктемесін бағалай отырып, біздің компания тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне және еріктілердің облыстық штабына автомобильдер беру туралы шешім қабылдады. Олар азық-түлік пен жеке қорғану құралдарын мұқтаждарға жеткізе алады. Компания жүргізушілер жалақысы мен машинаны күтіп ұстауға қажетті барлық шығындарды өзі көтереді. Жүргізушілер ауысым сайын, тәулік бойы жұмыс істейтін болады, - дейді «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» МК Қарағанды филиалының директоры Хамит Босқымбаев.

Осы қиын кезеңде «ГросФарм» ЖШС өкілдері де қолдау көрсетті. Саран қаласының компаниясы автокөліктерді тегін дезинфекциялау үшін қаражат бөлді. Салонды өңдеу үшін олар бактерияға қарсы спрей берді. Машинаны сыртынан жуу үшін еритін таблеткалармен қамтамасыз етті.

- Мұндай көмек шақыртуларға тез шығу және коронавирустық инфекцияның таралу ошақтарын оқшаулау үшін қажет. Әрбір сағат, әрбір минут маңызды: бізде қашықтық өте үлкен. Осындай қолдаудың арқасында біз осы пандемияны бірлесе отырып жеңеміз. Біздің тұрғындар да дені сау және инфекциядан қорғалған болады, - деп атап өтті Қарағанды облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров.

Бұған дейін департаменттің қарамағына «9 регион» компаниясы алты автокөлік берген болатын. Фирма сондай-ақ өз жүргізушілерін ұсынды және төтенше жағдай кезеңінде машиналарды жанармаймен және майлау материалдарымен қамтамасыз етеді.


Соңғы жаңалықтар