Қарағандылық кәсіпкерлер Германияда бір ай тегін оқиды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық кәсіпкерлер Германияда тегін тағылымдамадан өтеді. «Іскерлік байланыстар» жобасының арқасында мүмкін болып отырған жобаға қатысу үшін жергілікті бизнесмендер аймақтық Кәсіпкерлер палатасына өтініш білдіре алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқыту бағдарламасы 8 шілдеде басталады. Оған кез келген кәсіпкер қатыса алады. Өтінімдер Қарағанды қаласындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында және облыстың барлық аудандары мен қалаларындағы Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында қабылданады.

«Іскерлік байланыстар» жобасының белгілі бір талаптары бар. Қатысушы басшылық құрамында болуы тиіс немесе кәсіпорын басшысының орынбасарынан төмен емес лауазымды иеленуі керек. Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде оқыту Қазақстанда өтеді. Екінші кезең шетелде тегін тақырыптық бизнес-тағылымдамадан өтуді қарастырады. Оның ішінде шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнату қарастырылған», - деп түсіндірді Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасы қаржылық емес қолдау бөлімінің сарапшысы Аянна Тыныбаева.

Бірінші кезеңде оқыту 3 аптаға созылады. Онда еліміздің үздік бизнес-жаттықтырушылары дәріс оқиды. Сонан соң қатысушылар бизнес-жоспарлар құруы тиіс. Кейін сұхбаттасу барысында шетелдік тағылымдамаға үміткерлер іріктелетін болады. Ол 4 аптаға жалғасады.

«Іскерлік байланыстар» жобасын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырады.

Соңғы жаңалықтар