Қарағандылық хирургтер қолқа тамыры үзілген науқастың өмірін сақтап қалды

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласындағы кардиохирургия орталығында күрделі ота жасалды. Мамандар қолқа тамыры үзілген науқастың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандылық кардиохирург дәрігерлер қолқа тамыры үзілген 58 жастағы науқастың өмірін сақтап қалды.

Қарағандылық Виктор Боженкоға аортаның жарылуы диагнозы қойылды.

«Тамырдың жарылуы екі кезеңнен тұрады. Кейде аорта үзіліп кетеді де, адам көз жұмады. Ал кейде ішкі бөлік жарылып, тамыр сыртқы қабатында ұсталып тұрады. Бұл аман қалуға мүмкіндігі бар пациенттер, біз жыртылған жерді протездеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл науқаста аортаның көтеріліп келе жатқан бөлігі ғана зақымдалмай, тамырдың үзілуі жоғарыға шығып кеткен. Бұл аумақты протездеу қиын, мұнда тамырлар көп», – дейді жоғары санатты кардиохирург, кардиоорталықтың директоры Арыстан Мағзұмов.

Жоғарғы бөлім мен аорта доғасын протездеу операциясы шамамен бес сағатқа созылды. Науқас жасанды қанайналым аппаратына қосылды, жүрек біраз уақытқа тоқтап, денені 18 градусқа дейін салқындатты. Виктор екі аптаға жуық жан сақтау бөлімінде болды. Содан кейін оңалту курсынан өтті.

«Қазір қалпыма келіп жатырмын. Менің ойымша, бұл жағдайда маған тағдыр екі рет сыйлық жасады. Жедел жәрдем фельдшері өте тәжірибелі болып шықты және бірден кардиологиялық орталыққа жіберуге шешім қабылдады. Екінші рет бағымның ашылғаны осындай хирургтарға түскенім», – дейді Виктор.

Жыл басынан бері облыстық кардиохирургия орталығында аортасы үзілген бес науқасқа ота жасалды. Дәрігерлер бұл патологияның қауіпті тобына емдеуден өтпейтін жоғары қан қысымы бар және атеросклерозы бар адамдар жатқызылатынын айтады. Айта кету керек, аортаның жыртылу жағдайларының 80%-ы өліммен аяқталады, өйткені бұл ең үлкен тамыр және оның қабығы толық жыртылса, адам көп қан жоғалтады.

«Бұл патологияның күрделілігі мен қауіптілігі – оған тән келмейтін белгілер. Арнайы әдістерсіз – компьютерлік томография, кардиоскопия, клиникалық диагноз қою өте қиын. Диагноздан кейін бір ғана шешім бар – адам мүмкіндігінше тезірек операцияға баруы керек», – дейді кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Сергей Цой.



Соңғы жаңалықтар