Қарағандылық Гарвард медицина мектебіне тағылымдамаға шақырылды

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық бойжеткен әлемнің үздік жоғары медициналық мектептерінің бірі – Harvard Medical School-ға тағылымдамадан өтуге шақыру алды. Әнел Жүнісова Гарвардта есте сақтау, Альцгеймер, клиникалық депрессия және аутизм спектрінің бұзылуы процестерін зерттейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ә.Жүнісова 2018 жылы Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіргеннен кейін Оңтүстік Кореядағы Ulsan National Institute of Science and Technology (UNIST) оқу орнына түскен. Ол «Биомедициналық инженерия» және «Бизнес-әкімшілік» мамандықтары бойынша қос диплом бағдарламасын таңдады.

Университетте Әнел ғылыммен және қоғамдық қызметпен белсенді айналысты. Ол екі жыл бойы 50 ұлт өкілдерінен тұратын UNIST Халықаралық студенттер ұйымының президенті болды. Сондай-ақ ол NIS Alumni-дің Оңтүстік Кореядағы филиалын құрды. Бағдарлама бойынша қаржы бөлініп, ол 600-ден астам оқушыға жергілікті жоғары оқу орындарына түсуге тегін тәлімгерлік етуге және түрлі іс-шаралар арқылы Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға келген студенттердің басын қосуға жұмсалды.

Бұл тәжірибе бойжеткенге Сингапур Ұлттық университеті жанындағы аурухананың бір бөлігі болып табылатын Сингапур клиникалық зерттеулер институтында (Singapore Institute of Clinical Science) ақылы тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берді. Ол академиялық демалыс алып, жарты жылға Кореядан Сингапурға көшті.

«Бір кездері практикалық тәжірибе жинау туралы уақытылы шешім қабылдағаныма өте қуаныштымын. Өйткені дәл осы жерде педиатриялық неврология бөлімінде армандаған бағытымды таба алдым. 3–7 жас аралығындағы балаларда аутизмнің пайда болуы мен өршуін зерттеу бойынша өзімнің зерттеу жобама қаржыландыру ала алдым. Зерттеуім МРТ суреттерін, генетикалық биомаркерлерді және балалардың жалпы психиатриялық жағдайын талдаудың пәнаралық интеграциясына негізделген», – дейді Әнел Жүнісова.

Сингапурдағы тағылымдама кезінде бойжеткен бірден танымал профессорлар мен дәрігерлердің басшылығымен бірнеше жоба бойынша жұмыс істеді. Бұл оған бір уақытта әртүрлі зерттеу әдістерін игеруге және неврологиялық суреттерді өңдеуге көмектесетін негізгі талдау түрлерімен танысуға мүмкіндік ашты.

«Неврология, бағдарламалау және молекулалық биологиядан алынған практикалық білім маған Гарвард медициналық мектебінде жазғы тағылымдамадан өтуге жеткілікті мүмкіндік берді. Бұл менің бұрыннан келе жатқан арманым. Бірақ Гарвардқа өту өте қиын секілді болып көрінді, өйткені оның медициналық мектебі US News & World Reports Medical School Ranking рейтингісінде №1 болып танылды және өткен жылы оқуға 6914 талапкердің 2,9% ғана қабылданды», – деп атап өтті ол.

Гарвардта Әнел есте сақтау, Альцгеймер, клиникалық депрессия процестерін зерттеп, аутизмді зерттеуді жалғастырады, бірақ жас ауқымын кеңейтеді.

«Мен осы жазда Гарвардта өзімнің тәжірибелік дағдыларымды жетілдіріп қана қоймай, миды зерттеудегі іргелі кітаптардың, нұсқаулықтардың және бағдарламалық жасақтаманың авторларымен иық тіресе жұмыс істей отырып, өз жобаларымды дамытуды жалғастыратыныма әлі күнге дейін сене алар емеспін», – деп бөлісті студент.


Соңғы жаңалықтар