Қарағандылық биші парабиден Әлем кубогында екі қола еншіледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық дарынды биші Айгүл Балмағамбетова Италияда өткен параби бойынша Әлем кубогының екі мәрте қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спортшы екі номинация бойынша өнер көрсетті – Single Women және Single Women Freestyle. Төрешілердің басым көпшілігі зұлым сиқыршы Малефисента бейнесіндегі Айгүлдің нөміріне тамсанды.

Айгүл Балмағамбетова – Саран қаласының психоневрологиялық медициналық- әлеуметтік мекемесінің қамқорлығында және облыстық мүгедектер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Қарағанды облысының заманауи және спорттық би федерациясының спортшысы. Ол 2012 жылдан бастап өнер көрсете бастады. 2018 жылы параби бойынша республикалық турнирдің күміс жүлдегері атанды, 2019 жылы Германияда өткен әлем чемпионатының финалына шықты. Барлық сабақтар онлайн режимде өткізілді, бұл осындай маңызды спорттық іс-шараға дайындықты одан әрі қиындата түскен.

«Жарыста қатты қобалжыдым. Элементтерді ұмытып кетуден қорықтым. Қойылым алдында бірнеше қимыл ауыстырылды, сондықтан мен уайымдадым. Бірақ сахнаға шыққан кезде музыкамен үндесіп, әлемде мен және музыка ғана қалғандай болды. Жарыстың барлық қатысушылары ұнады. Мен өзім үшін көп нәрсе: білім, жаңа қызықты би қозғалыстары мен ұмытылмас эмоциялар алдым», –дейді Айгүл.

Спортшыны турнирлерге жаттықтырушылары Күлшім Аталықова мен Алтынай Тапалова дайындайды.

«Біз Айгүл екеуміз 2016 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Барлық жарыстарда жақсы өнер көрсетеді, Әлем кубогында да ерекшеленді. Бұл жолы ол қазіргі әлем чемпиондарымен жарысты. Бұл жоғары деңгей. Оның өнерін барлық халықаралық судьялар жоғары бағалап, атап өтті», – деді Күлшім Аталықова.

Биыл парабишілер Кореяда өтетін әлем чемпионатында өз шеберліктерін көрсете алады. Қазір Айгүлдің алдында лицензия алу міндеті тұр.

«Спортшы ретінде Айгүл өте еңбекқор әрі табанды. Егер оған тапсырма берілсе, ол оны мінсіз орындағанша барын салады. Алда бұл ерекше спортшыны әлі талай жеңіс күтіп тұр деп ойлаймын», – деп есептейді Күлшім Аталықова.

Айта кету керек, параби бойынша Әлем кубогына 12 елдің өкілдері қатысты.

Қазақстан құрамасының төрт спортшысы елге алты медальмен оралды – бес қола және бір күміс.


Соңғы жаңалықтар