Қарағандылық әйел перзентхана дәлізінде босанып қалды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды перзентханасында келіншек дәлізде босанып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Қарағанды қаласының Майқұдық перзентханасында болған. Аяғы ауыр әйел 23 қыркүйекте жүктіліктің 37 аптасында босануға келген.

Келіншектің айтуынша, оның толғағы 5-7 минуттық қарқындылықта болғанда дәрігерлерге барып айтқан екен. Алайда оның шағымына акушер бірден жауап бермеген.

«Таңғы сағат 5-те мен шыдамай, дәлізге шығып, акушерге бардым. Мен оған босанғалы тұрмын деп айттым. Бірақ ол әлі ерте деді. Мен баламның басы шығып бара жатқанын сезгендіктен тағы да көмекке шақыра бастадым. Тек содан кейін ғана акушер мені еденге жатқызып, көмекке басқа дәрігерлерді шақырды. Санитармен бірге олар мені босандырып алды», - дейді Мақпал Оразова.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл келіншектің үшінші баласы болғандықтан босану процесі жылдам болған.

«Қазіргі уақытта босанған әйел мен баланың жағдайы қанағаттанарлық. Босануды акушер қабылдады. Ол өте тәжірибелі. Әйелде тез босану болды. Сондықтан акушер сол сәтте ең оңтайлы әрекетті таңдады. Баланың басы көрінгендіктен, оны еденге салып, босануды қабылдау керек болды», - деді Қарағанды қаласы өңірлік акушер-гинекологиялық орталығының дәрігері Ольга Гордейко.

Алайда, босанған әйел дәрігерлердің салғырттығына шағым айтып, медицина қызметкерді жазалауды талап етуде.

«Бізде пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі бар. Қазір қызметтік тексеру жүргізілуде. Әзірге қорытынды шығарылған жоқ», - деп түсіндірді Ольга Гордейко.

Соңғы жаңалықтар