Қарағандылық ардагерлерді сайлау учаскесіне автоклуб мүшелері жеткізіп жатыр

None
Фото: Саран қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
САРАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Саран қаласында Volkswagen T4 автоклубының қатысушылары қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелерін сайлау учаскелеріне алып баруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бұл акцияны өзіміз өткізуді шештік. Ардагерлер – ең жауапты сайлаушылар, сайлауға бірінші болып барады. Біз оларды үйлерінен сайлау учаскелеріне апардық, содан кейін қажет болған жағдайда сүйемелдеп, еріп жүрдік. Дауыс беріп болған соң үйлеріне жеткіздік», – дейді автоклубқа қатысушылардың бірі Алексей Архипов.

Аға буын автокөлік әуесқойларының бастамасына қуанып, алғыс білдіріп жатыр.

«Сайлау – Қазақстан Республикасындағы саяси процестің маңызды бөлігі. Автоклуб жастары бізді сайлау учаскелеріне апаруды ұсынды. Біз олардың осындай көмегіне өте ризамыз», – деп бөлісті Саран қаласының Құрметті азаматы, Ардагерлер кеңесінің сауда және тамақтану бастауыш ұйымының төрайымы Айман Хайруллина.

Бұл Саран автоклубының ұйымдастырған алғашқы игі ісі емес. Жеңіс күні жүргізушілер тобы қаза тапқан батырларға гүл шоқтарын қою үшін ардагерлерді ескерткіштерге апарып қайтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар