Қарағандылық ансамбль Кореяда өткен фестивальге қатысты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының «Мунунгхва» ансамблі «Корей диаспорасы. Ұлы жол» атты корейлердің халықаралық фестивалінде өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Корея Республикасының Кёнгидо провинциясында тәуелсіздік үшін Бірінші наурыз қозғалысының 100 жылдығы атап өтілді. Мерейтой құрметіне кездесуге Жапония, Ресей, Өзбекстан және т.б. елдерінен делегациялар жиналды. Қазақстанның атынан Қарағанды облысының кәрістер этномәдени бірлестігінің шығармашылық ұжымы өнер көрсетті.

Бірлестік жетекшісі Лилия Кимнің айтуынша, ансамбль корей еліне 15 адамнан құралған үлкен құраммен алғаш рет барған екен. Фестиваль сахнасында қарағандылықтар би билеп, ұлттық аспаптарда ойнап, көрермендер назарына 6 нөмір ұсынған.

Сапардан оралған жас әртістерді Достық үйінде құрметпен қарсы алды.

«Сіздерді табысты өнер көрсеткендеріңіз үшін құттықтаймыз. Сіздерден алшақ болсақ та, көңіліміз бірге болды, барлықтарыңызға сәттілік тілеп отырдық. Әлеуметтік желілердің арқасында сіздермен бірге виртуалды түрде этноауылдарда жүріп, корей тағамдарымен, салт-дәстүрлерімен таныстық», - деді Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын.

Этно-бірлестік төрайымы ансамбль ұжымына алғыс айтты.

«Сіздерге осындай маңызды фестивальде Қазақстанды таныстыру құрметі бұйырды. Сонымен қатар, бұл үлкен жауапкершілік. Фестивальде айтылған пікірлерге сүйенсек, Қарағанды бағдарламасы барлығына ұнады. Сіздер әлемге біздің көпұлтты Қазақстанда әр түрлі халықтардың мәдениеті сақталып, дамып келе жатқанын көрсете алдыңыздар», - деп атап өтті этно-бірлестік төрайымы Лилия Ким.

Фестиваль қатысушылары әсерлерімен бөлісті. Олар ұлттық тарихпен және дәстүрлермен жақынырақ танысып, корей тілін үйреніп алды. Сапар барысында балалар Корея президентінің резиденциясына, Сеул қаласының оңтүстік жағалауындағы биіктігі 555 метр Lotte World Tower мұнарасына және этноауылда болып қайтты.

Соңғы жаңалықтар