Қарағандылық аграршылардың тәжірибесін республика бойынша тарату ұсынылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Мәжілісмендер Қарағанды облысының әкімі ЖеңісҚасымбекпен кездесті. Өңір басшысы АӨК дамуы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің көшпелі отырысы өтті. Оған ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай, сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және азық-түлік бағасын төмендету, көтерме-тарату орталықтары желісін дамыту мәселелері талқыланды.

«8 айдың қорытындысы бойынша облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнім өндірісінің көлемі 3,7% өсіммен 217,8 млрд теңгені құрады. Дәнді дақылдарды жинау аяқталды. 9,3 ц/га орташа өнімділік көрсеткішімен 894 мың тонна, оның ішінде 727 мың тонна бидай жиналды. 109 мың тонна астық тұқымы себілді», – деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров.

Ол облыста ішкі өндіріс есебінен жүз пайыз қамтамасыз етілетін өнімдер тізімін айтты. Бұл 1-ші сұрыпты бидай ұны, 1-ші сұрыпты ұннан пісірілген нан, картоп, сиыр еті, құс еті, макарон өнімдері, жұмыртқа, сәбіз. Өнімдердің тағы алты түрі бойынша қамтамасыз етілу ішінара 49%-ға дейінгі көрсеткішті құрады.

Өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атаудан құралған тізімнен 14-і шығарылады.

Биыл облыста АӨК саласында 13 жоба жүзеге асырылды, тағы екеуі жыл соңына дейін іске асырылады деп жоспарланған. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, ауыл шаруашылығында мемлекеттік қолдау шаралары 5 жылда 2,6 есеге артқан.

Депутаттардың пікірінше, Қарағанды облысының пайдалы тәжірибесін басқа өңірлерде де қолдануға болады.

«Ауылға баса назар аудара отырып, экономиканың нақты секторын дамыту басымдық болып табылады. Қарағанды облысы өнеркәсіптік өңір, дегенмен жергілікті аграршылар да жеткілікті өнім өндіреді. Бұл бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Бұл ақпарат саланы дамыту және Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді шешу үшін өте маңызды.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер бірқатар проблемаларды атап өтті. Кейбіреулерін Үкімет деңгейінде шешуге болады, заңнамалық бастамаларды талап ететіндер де бар», – деп атап өтті депутат Айқын Қоңыров.

Көшпелі кеңес нәтижелері бойынша уәкілетті органдарға ұсынымдар беріледі.


Соңғы жаңалықтар