Қарағандылық 95 жастағы майдангер велосипед тебеді

None
None
ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғындары соғыс ардагері Николай Куриленконы жақсы біледі. 95-тегі жасына қарамастан, майдангер өзінің мықты денсаулығымен таңғалдырып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ардагер қала көшелерінде велосипедпен жүреді. Қария тек жастайынан көзінің нашар көретініне ғана шағымданады. Алайда, бұл Николай Куриленконың соғысқа баруына кедергі бола алмады. Оның әкесі Сталинградта ажал құшқан. Кәмелетке толғаннан кейін өзі де майданға аттануға ұмтыла бастаған. Соғыстың соңғы кезеңдерінде Н.Куриленко әуе қорғанысының зениттік артиллериясына қабылданды.

«Көзім нашар көреді. Сондықтан комиссия маған соғысқа жарамайтынымды айтты. Олардан «жарамды» деп жазып берулерін өтіндім. Сонан соң оң көзім көрмесе де, маған «жарамды» деп жазылған анықтама берді. Осылайша тек сол көзіммен әскери борышымды өтеп шықтым. Мен Ладога көлінде құрылған әскери бөлімге келдім, Ленинградты қорғадым. Біздің дивизион Польшаға жіберілді, Висла арқылы үлкен көпір болды. Оны шұғыл қорғау керек болды. Бізді жан-жақтан бомбалады. Жанымдағы сарбаздармен үңгір қазып, соған жасырындық. Соғыс осы көпірді қорғап жүргенімізде аяқталды», - дейді майдангер.

Жеңістен кейін Николай Куриленко өзінің өмірлік жарын кездестірді. Мариямен бірге олар 70 жыл өмір сүріп келеді. Мария Куриленконың соғыс туралы өз естеліктері бар. Оның отбасы тұратын Липки ауылы оккупацияда болған.

«Үлкен арықтар қазылды, олар 15 шақырымға созылып жатты. Біздің үйдегі 7 баладан тек үшеуі аман қалды. Соғыстың соңында ауылымызды түгелдей өртеп кетті. Барлық үйлердің тек күлі қалды. Шегінген жау өздерінен соң барлығын өртеп жіберді», - деп еске алады тыл еңбеккері Мария Куриленко.

1958 жылы Николай Семенович «Комсомольская правда» газетінен Магнитканың құрылысы туралы мақаланы көрген соң Қазақстанға көшуге бел буған. Сол келгеннен Куриленконың отбасы Теміртауда қалған. Ерлі-зайыпты 5 бала тәрбиелеп өсірді. Қазір қос қария 10 немересінің қызығын қызықтап отыр. 5 жыл бұрын Николай Семенович пен Мария Федоровна «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.


Соңғы жаңалықтар