Қарағандыдағы оқиғаға қатысты БАҚ-та заңға қайшы материал жарияланған жоқ - Абаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыдағы «Ежелгі Рим» мейрамханасында адам өлімімен аяқталған оқиғаға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында заңға қайшы материалдардың жариялану фактілері тіркелген жоқ. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев атап өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Нұртай Сабильянов Мәжіліс депутаттарының атынан министрге сауал жолдап, онда 1 қаңтар күні Қарағанды қаласында адам қазасымен аяқталған оқиғаға байланысты кейбір ақпарат құралдарында түрлі мәліметтер айтылуына алаңдаушылық танытқан еді.

"Біздің басты мақсатымыз - саяси тұрақтылық пен қоғамдық татулықты сақтай отырып, экономикалық дамуды жалғастырып, біртұтас мемлекетіміз - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін тұғырлы, баянды ету. Осыған орай, құрметті Дәурен Әскербекұлы, Сізден бұқаралық ақпарат құралдарындағы аталған оқиғаға қатысты материалдардың объективті, тексерілген және нақты болуын қамтамасыз етуіңізді сұраймыз", - деп атап өткен еді Н.Сабильянов.

Министр жауабында еліміз үшін саяси тұрақтылық пен қоғамдық татулықты сақтаудың маңызы зор екендігіне ерекше назар аудартқан.

"Бұл тұрғыда министрлік жүйелі түрде ақпараттық жұмыс жүргізіп келеді. Осы орайда, ел азаматтары орын алған резонансты жағдайлар жөнінде ақпарат алуға құқылы. Қарағандыда болған оқиғаға қатысты мемлекеттік органдар тарапынан қолданыстағы заңдарға сәйкес тиісті ақпарат берілді. Министрлік жүргізген сараптамаға сәйкес еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары аталмыш оқиға бойынша материалдар жариялауда барынша жауапкершілікпен келгенін атап өту қажет. Осылайша қолданыстағы заңға қайшы фактілер тіркелген жоқ", - деді министр жауабында.

Сонымен қатар, Д.Абаев ақпараттық кеңістікте мониторинг жүргізу нәтижесінде (оның ішінде әлеуметтік желілерде) анықталған ұлтаралық араздыққа шақыру белгілері бар материалдардың авторлары мен оларды таратушыларды жауапкершілікке тарту үшін белгіленген тәртіпте Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолданғанын атап өткен.

Еске салсақ, 1 қаңтар күні Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында болған жанжал кезінде бір жігіт көз жұмған болатын. Билік аталған процестің обьективті және барынша ашық өтетініне уәде берді.

Соңғы жаңалықтар