Қарағандыдағы газ жарылысы: зардап шеккен үйдің тұрғындары эвакуациялануда

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов газ баллонының жарылуынан зақымданған үйдің тұрғындарымен кездесті. Қала басшысы қауіпсіздік мақсатында тұрғын үй жылу мен электр қуатынан ажыратылғанын айтты. Тұрғындарға уақытша баспана ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиғадан кейін оқиға орнына бірден қала әкімі Мейрам Кожухов келіп жетті. Ол зақымданған үйдің тұрғындарымен кездесті.

«Үйде жылу өшірілді, қазір біз оны бере алмаймыз. Себебі бірінші кіреберісте едендер құлап кеткен. Осыған байланысты қазір жылыту жүйесін қосу мүмкін емес. Ертең таңертең үйдің екінші жартысында орналасқан 7-12 пәтер тұрғындарына жылу беруге тырысамыз. Біз екінші кіреберістегі жағдайды көрмейінше, бірінші кіреберісте қазір қорытынды жасай алмаймыз, өйткені сарапшылар тексеруі қажет. Зақым келген жерлердің барлығын көру үшін күндізгі жарық керек.

Қазіргі уақытта не істеп жатырмыз? Біз осы түнге кіреберісті жабуды, кіріп-шығуды шектеуді жоспарлап отырмыз. Қазір көтере алатын барлық құнды заттарды, егер қалып қойған болса, әлі де алып шығу керек болады. Бірақ құтқарушылардың қатысуымен ғана, яғни құтқарушы өзі алып шығады. Тұрғындардың ешқайсысы зардап шекпеуі тиіс. Ертең таңертең сараптама басталады. Біз үйіндінің өзін бөлшектейміз, бірінші және екінші қабат арасындағы төбелердің құлау қаупі бар екенін көріп отырмыз. Тұрғындарды орналастыруға келетін болсақ, қазіргі уақытта кімде кімнің баратын жері болмаса, түнейтін жерлеріңіз болмаса, айтуларыңыз керек. Оларды орналастыру үшін бізде жатақхана бар», - деді қала әкімі.

Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы түсініктеме берді.

«Ер адам тұрмыстық жарақатпен және бас терісі мен оң иықтың термиялық күйіктерімен келіп түсті. Комбустиология бөліміне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр. Екінші науқас – оң қолдың, оң білектің, оң жамбастың термиялық күйіктері бар әйел комбустология бөліміне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр. Жарылыс кезінде науқастар бөлмеде болмаған», - деп хабарлады Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін сағат 18:51-де Қарағанды қаласындағы Щорс көшесі, 37-үй бойында газ баллоны жарылды. Салдарынан бірнеше пәтер зақымданып, екі тұрғын ауруханаға жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар