Қарағандыда жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған жаңа балалар ауруханасы ашылды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда көпсалалы облыстық балалар клиникалық ауруханасы ашылды. Ол 200 орынға арналған. Ауруханада 450 дәрігер жұмыс істейтін болады. Ғимаратта жүре алмайтын науқастарды тасымалдауға арналған лифтілер бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа ауруханада сәбилерге де, ересек балаларға да сапалы көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Бұл нысанның құрылысы бірқатар себептерге байланысты созылып кетті. Атап айтқанда, біз заманауи жоғары технологиялық жабдықты жеткізуді көптен күттік. Мысалы, Жапониядан күйікке қарсы жеті төсекке тапсырыс берілді», - деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.


Инновациялық күйікке қарсы кереуеттер науқастарға өте ыңғайлы. Төсек толтырғышының тығыздығын судың тығыздығымен салыстыруға болады, сондықтан қатты күйік шалған науқас қалқып жатқандай болады. Бұл зақымдалған теріге қысым жасамауға көмектеседі. Микросфералар арқылы өтетін ауа автоматты түрде қажетті температураға дейін қызады және бактериялардың көбеюіне жол бермей, терінің кебуіне әсер етеді.

Ауруханада консультативтік орталық жұмыс істейді. Онда травматология және ортопедия, нейрохирургия, жақ-бет бөлімшелері болады.

«Бұрын осы бейіндер бойынша пациенттерді емдеу үшін біз ана мен бала орталығына, травматология және ортопедия институтына, Мақажанов атындағы клиникаға немесе Астананың нейрохирургия ғылыми орталығына жолдадық. Енді біз өзімізде емдей аламыз. Біздің жабдықтар жоғары технологиялық, операциялық бөлмелер автономды желдетумен жабдықталған, оларда HEPA сүзгілері орнатылған. Мұнда ең күрделі операцияларды жасауға болады. Жақын арада біздің нейрохирургтер Германия мен Израильде оқудан өтеді», - дейді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.


Медициналық мекеме базасында емдік дене шынықтыру заманауи кабинеттері, тұз, сенсорлық және шунгитті бөлмелер бар.

Сондай-ақ, «ҚАМҚОРЛЫҚ» ерте даму орталығы жұмыс істейтін болады, онда үш айдан бастап үш жасқа дейінгі балалар кешенді оңалту көмегін ала алады. Орталық ай сайын әртүрлі неврологиялық диагноздары бар 50-ге дейін баланы қабылдауды жоспарлап отыр. Оңалту курсының ұзақтығы 21 күнді құрайды.

Осы уақытқа дейін балалар ауруханасы болған ғимарат медицина қызметкерлеріне арналған көпқабатты тұрғын үй ретінде қайта құрылады. Жас мамандарға арналған 94 пәтер құру жоспарланып отыр.

Жаңа көпсалалы облыстық балалар клиникалық ауруханасы Кеншілер даңғылы, 81/1 мекенжайы бойынша орналасқан.


Соңғы жаңалықтар