Қарағандыда жемқорлыққа бейім ЖОО аталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті студенттер арасында сауалнама жүргізді. Нәтижесінде студенттердің пікірі бойынша жемқорлыққа ең бейім ЖОО анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының әкімдігі Департаментпен бірлесіп "Сарыарқа - адалдық алаңы" жобасын жүзеге асыруда. Аталмыш жобя аясында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және қолайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шаралары қарастырылған.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында өткізілген жобалық кеңсенің іс-шараларының бірі облыстың жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында анонимді сауалнама болып табылады.

Сауалнамаға жоғары оқу орындарының 320 студенті қатысты. Жалпы сауалнама нәтижелері оң көрсеткіштер көрсетті, алайда назар аударуды қажет ететін жайттар да жоқ емес. Мысалы, сұралған студенттердің ішінен 43 адам (13,5%) өздері оқитын оқу орнындағы сыбайлас жемқорлық жағдайларын жоққа шығармайды. Мұндай жағдай студенттердің пікірінше, Е.А Бөкетов атындағы ҚарМУ-де, ҚарМТУ-де және "Болашақ" Академиясында байқалады екен. Сауалнамаға қатысқандардың 5%-ы 5 балдық көрсеткіш бойынша сыбайлас жемқорлық дәрежесін 5 балға бағалады, мұнда 1 балл сыбайлас жемқорлықтың толық болмауын көрсетсе, 5 балл-өте күшті сыбайлас жемқорлық бар екенін көрсетеді. Жоғары оқу орындары бойынша "өте күшті сыбайлас жемқорлық" нәтижелерін ҚарМУ студенттері атап өтеді. Екінші және үшінші орында "Болашақ" академиясы мен ҚарМТУ тұр.

Сондай-ақ, студенттер ЖОО-да сыбайлас жемқорлық қарым-қатынасты болдырмау мүмкін емес дегенге саяды. Мұндай пікірді сауалнамаға қатысушылардың 6% ұстанады. Сонымен қатар, "Сіздің ойыңызша, жоғары білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа көбінесе кім итермелейді?" деген сұраққа 126 адам, яғни шамамен 40% «білім алушылар» деп жауап берді, 29%-ы "білім алушылар мен оқытушылар тең дәрежеде", 22,%-ы "оқытушылар" дейді. Ал 19 адам, яғни 6,0%-ы "ЖОО әкімшілігі" деп жауап қайтарды.

Айта кету керек, сауалнамаға қатысқандардың 95%-ы университетте сыбайлас жемқорлыққа қатыспағанын, ал қалған 5%-ы бұл жайтқа жол бергенін жоққа шығармайтынын айтты.

Талдау көрсеткендей, 142 адам (44,0%) ЖОО-да сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауға, 114 адам (36,0%) "жасырын" түрде айтуға дайын екенін, ал 16 студент (5%) сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағысы келмейтінін жеткізген.

Нәтижесінде, сауалнаманы ұйымдастырушылар оқу орындары жүргізіп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жақсарту мақсатында осы бағыттағы жұмысты күшейту және сауалнаманың кемшіліктері бар көрсеткіштеріне назар аудару қажет деген қорытындыға келді.

Оқу орындарының басшылығына студенттер арасында адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шығу дағдыларын тәрбиелеу тетіктерін күшейту мәселесін пысықтау, жаңа идеялар мен тәсілдерді әзірлеуге бағытталған іс-шараларды өткізу ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар