Қарағандыда жартылай марафонға 3 мыңнан астам адам қатысты

None
Фото Қарағанды облысы әкімдігінен
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 28 мамыр күні Qaragandy Half Marathon стартына Қазақстанның бірқатар өңірінен жас және егде жастағы спортшылар, әуесқойлар мен кәсіпқойлар, барлығы 3256 адам жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ең ұзақ қашықтық - 21 км 97,5 метрге 143 қатысушы жүгірді, ал 50 ерекше бала 2 шақырым қашықтықта өздерін сынай алды.

Жартылай марафон «Қарағанды-Арена» мұз сарайы ауданында өтті. Таңертеңнен мұнда жүгірушілер мен жанкүйерлер жинала бастады.

Ұйымдастырушылар – Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы бірнеше қашықтықты дайындады.

Ең ұзақ дисциплина– 21 км 97,5 м (18 жастан асқан қатысушылар үшін), одан сәл қысқалауы – 10 км (18 жастан асқан қатысушылар үшін), 5 км (15 жастан асқан) және 2 км (9 жастан 14 жасқа дейін).

Биыл жарыстың жаңа түрі – «Экиден» енгізілді. Бұл 21 км 97,5 м қашықтыққа алты қатысушыға арналған командалық эстафета. Бірінші орынды Karaganda Orienteering командасы жеңіп алды.

«Біздің команданың қатысушылары спорттық бағдарлаумен айналысады. Жартылай марафон туралы білген соң жүгіруді шештік. Алдымен біз ең мықты үштікте жүрдік. Тек соңында жеңісті жұлып алдық. Нәтижеге өте ризамыз. Біз тағы да қатысамыз», – дейді команда жаттықтырушысы Жанболат Дәуіт.

Әйелдер арасындағы ең ұзақ қашықтықта бірінші орынды қостанайлық Татьяна Нерознак иеленді, ал ерлер арасында өскемендік Әмір Байтуқанов жеңімпаз атанды.

«Өткен жылы мен Қарағандыда 21 км қашықтықта жеңіске жеттім. Бірақ биылғы және өткен жылғы жолдар әртүрлі. Ол кезде мен Қарағандыға қазан айында келдім, суық болды. Қазір күн жылы, басқа орын. Бір нәрсе ғана өзгеріссіз қалған - ұйымдастыру деңгейі әрқашан жоғары. Бізде осындай жартылай марафондар бар екеніне өте қуаныштымыз. Бұл жақсы тәжірибе. Мен міндетті түрде тағы келемін», – деді Татьяна.

Әр қашықтыққа қатысушылар медальдармен және сертификаттармен, жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.



Соңғы жаңалықтар