Қарағандыда жаңа вирусологиялық зертхана ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы бойынша қосымша вирусологиялық зертхана ашылды. Онда ПТР әдісімен (полимеразды тізбекті реакция) COVID-19 болуына талдау жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа зертхана коронавирустық инфекция ауруына ауқымды тестілеу жүргізуге көмектеседі. Әзірше, қауіп тобындағы адамдар - медицина қызметкерлері, вирустық инфекциясы бар жүкті әйелдер, тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұрған адамдар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қамқорлығындағы адамдар, казармалық режимде тұрған әскери қызметшілер анализдерді тапсыра алады.

Қарағанды медицина университеті COVID-19 даму механизмдеріне және осы ауруға иммунитетті қалыптастыруға арналған ғылыми зерттеулерде бірегей молекулалық-генетикалық зертхананы іске қосуды жоспарлап отыр.

Өңірде пульмонологиялық орталықтар жұмыс істейді. Бұлардың жұмысының арқасында 14 коронавирусты инфекциямен ауыратындар анықталды. Ал олардың барлығы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып инфекциялық стационарларға ауыстырылды.

Қарағанды облысына вируспен күрес жүргізудегі тәжірибесімен бөлісу үшін Қытайдан дәрігерлер командасы келді. Топ құрамында инфекционистер, пульмонологтар, нефрологтар, қарқынды терапия дәрігерлері және бас медбике бар.

Қытай мамандары Қарағанды медицина университетінде конференция өткізді. Сондай-ақ шетелдік мамандар дәрістер оқиды және шеберлік сабақтар өткізеді, тәжірибелерімен бөліседі.

«Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі жақсы деңгейде, дәрігерлердің кәсіби деңгейі жоғары, заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы тәуір. Қазір жұқпалы аурумен күресте ең бастысы - алдын алу, бұл жағдайда Қазақстанның барлық халқы ТЖ және карантин режимінің шарттарына құлақ асу керек», - деді Қытай делегациясының мүшесі дәрігер Лу Чен.

Делегация Қарағандыда 18 сәуірге дейін болады. Қытай дәрігерлері қашықтан кеңес беруге қатысады және коронавирустық инфекциямен күресу үшін медициналық мекемелердің жұмысын тиімді ұйымдастыру бойынша кеңестер береді.


Соңғы жаңалықтар