Қарағандыда жалған прокурорлар мектеп пен балабақша басшыларын бопсалаған

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда өздерін прокуратура қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар мектеп және балабақшалардың директорларын қорқытып, олардан ақша алған. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қарағанды облысының прокуратурасы белгісіз адамдардың Қарағандыдағы білім мекемелері - балабақшалар мен орта мектептердің басшыларына телефон соғып, өздерін прокуратура органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, қорқытып ақша алу фактілерін анықтады», - делінген хабарламада.

Қадағалау органының ақпаратынша, маусым-шілде айларында осындай телефон соғулар Қарағандының бірнеше балабақшасының басшылығына жасалған. Хабарласқан адам өзін Бас прокуратураның қызметкерімін деп таныстырып, алдағы кешендік тексеру туралы хабарлап, оның «оң нәтижесін шығарулары үшін» 200 мың теңгеге дейін қаражат беруді талап еткен. Қазан айында осындай оқиға орта мектептердің директорларының басынан да өткен. «Қазіргі уақытта барлық фактілерге қатысты ҚР ҚК-нің 177-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық істер қозғалды», - делінген хабарламада. Прокурорлар мекемелердің басшыларынан алаяқтардың мұндай айласына сенбеулерін сұрайды. Мұндай бопсалаулар орын алған жағдайларында бірден облыстық прокуратураның ішкі қауіпсіздік қызметінің сенім телефонына (77-28-09) хабарласуға немесе аумақтық прокурордың өзіне жеке баруға кеңес беріледі.

Соңғы жаңалықтар