Қарағандыда зергерлік бұйым сататын дүкенді 2,5 минутта тонап кеткен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласындағы «Айгүл» зергерлік бұйымдар сататын дүкенін қарақшылар 2,5 минутта тонап кетті. 12 млн теңгенің алтын-күмісін тез алып кеткен ұрыларды ұстауға жедел топтың өзі үлгермеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат «eKaraganda» сайтына сілтеме жасап.

Қылмыс 15 наурызда түнде жасалған. Үш ер адам дүкеннің темір торлы терезесін қиратып ішке кірген.

«Дүкен ішінде қылмыскерлер өздерін жинақы ұстаған, әрқайсысы бір-бір витринадаға алтындарды алған», - дейді салон иесі Айгүл Мұқанова.

Олар бетперде киіп алғандықтан камерадан кім екендіктерін тану қиын. Қолдарына қолғап киіп, бастарына кеншілердің шамын тағып алған. Тіпті алтындарды алып кету үшін үш сөмке әкелген.

«Ұрыларға кедергі жасау үшін көрші дүкеннен ер адам жүгіріп шыққан, Алайда олар оның көзіне баллоннан бұрышты-газ шашып кеткен. Иісшіл ит ізді сол маңдағы гаражға шейін тапты. Сол арадан екі сөмке шықты. Алайда ұрылар ішінде 12,6 миллион теңгенің тауары бар сөмкені ала кеткен. Оның ішінде бриллиант бұйымдар, ерлердің алтын сақинасы мен алқалар болған», - дейді кәсіпкер.

Тәртіп сақшылары бейнебақылау камерасынан соңғы екі айдағы жазбаны алып, зерделеп шықты. Алайда келушілердің көптігіне байланысты күдікті адамдар анықталмады.

Дүкен иесі күдіктілерге қатысты қандай да бір құнды ақпарат берілсе, ол үшін қомақты сыйақы беруге әзір екендігін жеткізді. Өйткені зергерлік бұйымдар кепілге өндірушіден алынған, кәсіпкер олардың құнын өтеуі керек.

Соңғы жаңалықтар