Қарағандыда заңсыз үй салып жатқан тағы екі құрылыс компаниясы жазаланды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы кеншілер шаһарында тағы екі тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатуды сұрап отыр. Ведомствоның айтуынша, құрылыс жұмыстары заңға сай жүріп жатқан жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда тұрғын үй кешендерін салатын тағы екі компанияға заң бұзғаны үшін айыппұл салынды.

Құрылысты тоқтата тұру үшін сотқа материалдар жолданды.

«Заң бойынша әрбір құрылыс салушы бізге жұмыстың басталғанын хабарлауы керек. Бұл электронды үкіметтің веб-порталы арқылы онлайн жасалады. Негізгі мәселе - сараптама қорытындысының жоқтығында. Яғни, олар авторлық және техникалық қадағалаусыз өз қалауынша салып жатыр. Осыған байланысты ҚР ӘҚБтК 314, 1, 321 және 463-баптары, 1-бөлігі, 1-бөлігі бойынша «ККК Бетон» (Гапеев көшесі, 4е) және «ТалапСтройГрупп» (Мұқанов көшесі, 41а-бет) құрылыс компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материалдар сотқа жіберілді», – деп хабарлады Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы.

Хабарландыру тәртібі бұзылған жаңа ғимараттар мониторинг арқылы анықталады, деп атап өтті ведомство. Бұл жұмыс жалғасады.

Еске сала кетейік, осыған дейін облыс орталығында жеті жаңа ғимарат бойынша жұмыстар сот шешімімен тоқтатылған болатын.

Үлескерлерден ақша тарта алмайтын құрылыс салушылардың «қара тізімі» жасалып жатыр.

Соңғы жаңалықтар