Қарағандыда заңсыз орнатылған батуттар алынып жатыр

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда арнайы құрылған комиссия заңсыз орнатылған батуттарды алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Басты мәселе - жылжымалы сауда нүктелері мен аттракциондардың иелерін орындарынан таппай жатырмыз. Олардың орнына кәмелетке толмаған балалар сатушы болып жүр, олар ештеңе түсіндіре де алмайды. Бірінші рет тек ескерту беріп жатырмыз, болашақта - қатаң шаралар қолданамыз», - деді мәдениет, демалыс парктері мен қала саябақтары басқармасының өкілі Дәуренбек Лесов.

Бұған дейін олардың иелері басқармамен шарт жасасып келген. Алайда, жақын орналасқан үйлердің тұрғындарынан көптеген шағымдар түсе бастағаннан кейін келісім жасасуды тоқтатқан. Кейбір кәсіпкерлер осыған қарамастан, өз қызметтерін заңсыз жалғастырып отыр.

«Заңсыз батуттарға балаларын алып барған ата-аналар оның өмірі мен денсаулығына қауіп келтіреді. Таяуда Астанада болған оқиғаның өзі жеткілікті. Сауда орталығының аумағында орналасқан батутты жел ұшырып, бес бала зардап шеккен еді», - деп атап өтті ведомстводан.

Республика даңғылындағы саябаққа кезекті рейд жүргізу барысында батутты алып кеттік. Салмағы бір тоннадан асатын заңсыз аттракцион саябақтар басқармасының аумағына жеткізілді. Оның құны бір миллион теңгеден асуы мүмкін. Оның иесіне ҚР Әкімшілік кодекстің 463-бабы бойынша айыппұл салынады.

Құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен мұндай рейдтер жаз бойы жүргізілмек. 

Соңғы жаңалықтар