Қарағандыда зағиптарға арналған кітапхана күрделі жөндеуден соң қайта ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Кітап қорының басым бөлігін жойған өрттен кейін 4 жыл өткен соң Қарағанды облысындағы зағиптар мен көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жалғыз ғана кітапхана қайта ашылды.

Корпусты қалыпқа келтіруге және жабдықтарды жаңартуға 100 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Біз, әрине, алға қадам бастық. 2014-ші жылдан бері ұжымымызбен қандай жағдайда өмір сүргенімізді айтып жеткізу қиын. Мен тіпті бізге жаңа мекеме салып береді дегенге сенбеген едім. Бірақ міне, салып берді, үлкен рахмет. Брайль бойынша мәтіндерді басып шығаратын тағы бір-екі принтер сатып алғымыз келеді, себебі сұраныс жоғары», - дейді облыстық зағиптар мен көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кітапхана жетекшісі Нұржан Үсенова.

Үш филиалы бар кітапхана көру мүмкіндігі шектеулі екі мыңға жуық оқырмандарға қызмет көрсетеді. Олардың жартысы Брайль шрифтін - алты нүктелі жазбаны меңгерген. Өртке дейін қорда Брайль бойынша басып шығарылған 200 мың кітап болған, бүгінгі таңда кітапханада 78 мың кітап бар. Жыл сайын қордың толығуына 3-4 миллион теңге бағытталады.

Ғимаратта дауыс бағдарламалары бар компьютерлермен, арнайы принтерлермен және облыстағы жалғыз дауыс мәтіндерін оқып, қағазға басып шығаратын машинамен жабдықталған тифлоақпараттық орталық бар.

«Бізде оқырмандар құжаттармен, бейне, музыка, интернетпен жұмыс істеуді үйренеді. Бірнеше бағыттар бойынша курстар бар: компьютерлік сауаттылықтың базалық курсы, интернет-курстар, сенсорлық құрылғылар. Осы орталық арқылы біздің оқырмандар көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған халықаралық ең ірі кітапханаға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады», - дейді тифлопедагог-оңалтушы Владимир Высочинский.

Кітапхананың жаңа ғимаратында бүгінгі күннен бастап зағиптардың Мәдениет үйі де орналасатын болады. Ол Чижевск көшесінен көшірілді.

Айта кетейік, осыған дейін Қарағандыда сал ауруына шалдыққан балаларға арналған футбол мектебі ашылғандығын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар