Қарағандыда үш адамның өмірін қиған өрттің себебі анықталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының ТЖД баспасөз мәслхатында Ермеков көшесі бойындағы көпқабатты үйде болған өртке қатысты мәлімет берілді. Бір күнде бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ түрлі жағдай жөнінде екі қоңырау келіп түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сағат 12.30-да шатырда түтін шыққандықтан өрт сөндірушілер шақырылған. Қоңырау №7-ші кіреберіс тұрғындарынан келіп түскен. Келген құтқарушылар шатырды жабу кезінде өрт қауіпсіздігінің сақталмағандығын анықтады. Кінәлілер жазаланды.

Бұл оқиға одан кейін болған №11-ші кіреберістің тоғызыншы қабатындағы пәтердегі өртке ешқандай қатысы жоқ. Қазіргі болжам бойынша, үш адамның өмірін қиған өрттің шығуына жылытқыш себепші болды.

Спикер, «жылыту маусымы басталғанда пәтерде неліктен жылытқыш қосылған?» деген сұраққа жауап берді. «Теплотранзит» ЖШС директорының техникалық орынбасары Иван Выткиннің айтуынша, бұл үйге жылу жіберу кезінде №9 кіреберістің жертөлесінде жылу трассасында ақау байқалған. Бүгінде ПИК қызметкерлері ақауды жойды, жақын арада жылу берілетін болады.

«Құбырлардағы анықталған ақау – бұл бірінші кезекте ПИК-тің толыққанды жұмыс істемеуінің салдары. Пәтер иелері кооперативтерінің барлық басшыларына жүгінгім келеді. Жұмысыңызға барынша жауапкершілікпен қарау керек. Көп нәрсе басқару органдарының кондоминиумдар аумағында қалай дұрыс жұмыс істейтініне байланысты», - деді Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының әкімі Нұрлан Рыстин.


Еске сала кетейік, 7 қазан күні Қарағандыда 9-қабаттағы екі бөлмелі пәтердің 50 шаршы метр аумағын өрт шарпыған. Өртенген пәтерде үш адам мерт болды. Олар - 78 жастағы және 35 жастағы әйелдер мен бір жасқа толмаған нәресте.

Ермеков көшесінде орын алған аталмыш төтенше жағдайға қатысты тергеу бақылауға алынды. Нәтижелер кейін жарияланатын болады.


Соңғы жаңалықтар