Қарағандыда Ұлттық ұланның қаза тапқан сарбаздарының туған-туыстарына марапаттар табыс етілді
2022 жылғы 19 қаңтар 03:30

Қарағандыда Ұлттық ұланның қаза тапқан сарбаздарының туған-туыстарына марапаттар табыс етілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қызметтік борышын атқарудағы ерлігі мен адалдығы үшін ел Президентінің Жарлығымен қарағандылық Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаров қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ұлттық ұландар Талдықорған мен Қызылордада құқықтық тәртіпті қалпына келтіру кезінде қаза тапты., деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысының атынан марапатты қаза болғандардың туған-туыстарына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек табыс етті.

«Бейбіт уақытта біздің жауынгерлеріміздің өлімі барлығымыз үшін үлкен қайғы болды. Біз Отанымыздың қорғаушылары, өмірінің соңына дейін Заңға және Қазақстан халқына қызмет еткендердің барлығының есімдерін әрдайым есте сақтайтын боламыз. Біз үшін Айбат пен Мадияр мәңгі ерлік пен абыройдың үлгісі болып қала береді. Олардың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының батырлық шежіресіне енеді», – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Әлібек Сералиев және ҚР Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Сакентай Шекарбеков қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарына лайықты ұлдар тәрбиелегендері үшін алғыс айтты.

«Отанымыздың лайықты батырларын тәрбиелеген сіздерге шын жүректен көңіл айтамыз. Бейбіт уақытта ұлынан айырылу – орны толмас қасірет. Сіздердің ауыр қайғыларыңызға ортақпыз. Бірақ біз Сіздердің ұлдарыңыз сияқты жауынгерлердің құқық қорғау әскерлерінің қатарында қызмет еткенін және қызмет етіп жатқанын мақтан тұтамыз. Олар қарапайым азаматтарды және мемлекетімізді Отанымызды жаулап алуға тырысқан зұлым жаудан қорғады. Олар біз үшін әрқашан нағыз ерлік пен Қазақстанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі болады», – деді батырлардың ата-аналарына Әлібек Сералиев.

Сонан соң ол Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері атынан қаза тапқан сарбаздың туыстарына 7 млн теңгеден табыс етті.

Айбат Аманов 2003 жылы Атасу кентінде дүниеге келген, ҚР Ұлттық гвардиясында, Талдықорған қаласының №5514 әскери бөлімінде қызмет еткен.

Мадияр Қайсаров 2002 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген, ҚР Ұлттық гвардиясында, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, Қызылорда қаласы, 5547 әскери бөлімінде қызмет атқарған.

Қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі.

Jańalyqtar

MURAǴAT