Қарағандыда тұрғын үйде шыққан өрттен 14 адам құтқарылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық құтқарушылар өртенген тұрғын үйден 14 адамды алып шықты. Көпқабатты үйді шарпыған отты сөндіруге 12 маман және 3 арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

18 қаңтарда сағат 14:04-те Қарағанды қаласының 22 шағын ауданындағы пәтердің өртенгені туралы хабарлама келіп түскен. Сағат 14:10-да шақыру орнына келген өрт сөндірушілер тұрғын үйдің кіреберісіндегі қою түтінді көрген. Газ-түтіннен қорғау қызметінің екі тобы іштегі тұрғындардын құтқаруға және эвакуациялауға кіріскен. Өрт үшінші қабаттағы пәтерде шыққаны анықталған.

Күйік шалған және уланып қалған әйел өрт шыққан пәтерден құтқарылып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Сондай-ақ көрші пәтерден төрт айлық бала құтқарылды. Қалың түтіннен улану қаупі жоғары болғандықтан балаға басын және тыныс жолын қорғайтын арнайы маска кигізілді. Тұрғын үйден тағы 12 адам эвакуацияланды.

«Жалынды сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің №9 өрт сөндіру бөлімінің 12 маманы мен 3 техникасы жұмылдырылды. Өрт 14:35-те толық сөндірілді. Жалын отты абайсыз қолданудан болған», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар