Қарағандыда төтенше жағдай кезінде мерт болған екі азамат марапатталады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті кәріз құдығына құлаған адамды құтқарамыз деп көз жұмған екі ер адамды марапаттамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, 16 шілде күні түнде сағат 03:58-де Қарағанды облысы ТЖД пультіне Қарағанды қаласы Буровая көшесінде жергілікті тұрғындардың бірі Александр Работягов құдыққа түсіп кеткені жөнінде хабар келіп түскен. Аталған азамат кәріздік ағындарды жинауға және соруға арналған сорғы подстанциясында тазалау жұмыстарын жүргізумен айналысып жатқан.

Зардап шеккенді құтқарамыз деп соңынан құдыққа оның ұлы Максим Работягов пен көршісі Хошимджон Абдулоев да түсіп кеткен.

Сағат 04: 53 және 05: 02 ТЖД күшімен үйдің иесі мен көршісі көтеріліп, медициналық мекемеге жатқызылды. Дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы ауыр деп бағалаған. Сағат 06:30-да ТЖД және «Қарағанды Су» ЖШС қызметкерлерінің күшімен 1990 жылы туған үшінші ер адамның денесі табылды.

Кейін ауруханаға жатқызылған екі адам да көз жұмды.

Максим Работягов ондаған үйге қызмет көрсететін кәріз жүйесіндегі ақауларды жоюға тырысқан әкесін құтқару үшін құдыққа түскен болатын. 29 жастағы Максим отбасында жалғыз бала болған, бала кезінен өзінің ата-анасына шаруашылық бойынша көмектесуге үйренген. Жұмыста оны әріптестері адал қызметі мен еңбекқорлығы үшін бағалап, құрметтеген.

«Ол өте ізденімпаз болатын, бәріне қызығушылық танытушы еді. Бізге Интернетте оқығаны туралы: әлемдегі саяси жағдайлар, ғылыми жаңалықтар және басқа да көптеген мәселелер туралы айтып отыратын. Әріптестері оған өте жауапты жұмыстарды сеніп тапсыратын, себебі оны өте адал адам ретінде білді. Ол ата-анасын жақсы көрді», - деп Максимді туғандары еске алады.

Екінші қаза болған жігіт, Работяговтардың көршісі Хошимджон Абдулоев. Ол 30 жаста ғана еді. Қазақстан тәжік қоғамының белсенділерінің бірі болды. Қайғылы оқиға салдарынан үш бала әкесінен айырылды.

«Түнгі сағат үш жарым шамасында таңғы намазды өткізу үшін тұрған ағам Хошим ұлы мен күйеуін құтқаруды сұраған көршіге көмекке барды. Хошим оқиға орнына алғаш болып жетті. Ол құдықтағы екі адамға шұғыл көмек қажет екенін, зардап шеккен адамдардың әлі тірі екенін көріп, көмекке ұмтылды. Өз өміріне төнуі мүмкін қауіп туралы ойламай, көмек көрсетуін жалғастыра берді. Бірақ көршілерімізге көмектесуге тырысамын деп, бауырымыздың өзі қаза болды», - дейді «Қохи Нор» Тәжікстан қоғамдық бірлестіктері мен мәдени орталықтары одағының басқарма төрағасы Шәкәрім Норматов.

«Қарағанды облысының ТЖ департаменті қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтады. Олардың әрқайсысы басқаларды құтқару үшін өз өмірін құрбан еткен нағыз батырлықтың үлгісін көрсетті. Ерлердің ерлікпен ұштасатын осындай әрекеттері өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

ТЖД марқұмдарды марапаттау үшін өтініш жібереді.

Соңғы жаңалықтар