Қарағандыда тарихи керуен ұйымдастырылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Қарағандының әскери және еңбек даңқы ізімен» атты патриоттық акциясын бастады. Шараға кадеттер қатысты. Мұражай қызметкерлері тарихи орындарға экскурсия жасады, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ұйымдастырушылар акцияны Қарағандының 85 жылдығына, Ұлы Жеңіс күніне және Кеңес Одағының батырлары Нүркен Әбдіров пен Қазбек Нұржановтың 100 жылдығына арнаған. Оның мақсаты - жас ұрпаққа Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қарағандылықтардың ерлігін көрсету.

Кадеттер қарағандылық жауынгерлерді майданға шығарып салу рәсімінің театрландырылған қойылымын тамашалады. Акция қатысушылары соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен қатар мұражай алдындағы алаңда эвакогоспиталь инсталляциясы орнатылды.

Экскурсия кезінде жасөспірімдер соғыс кезінде эвакогоспиталь орналасқан ғимараттарды аралап қайтты. Оларға Қарағандылық 77-ші артиллериялық полкі майданға аттанған жер - бұрынғы "Октябрь" кинотеатры (қазір "Шалқыма" концерт залы) көрсетілді. Сондай-ақ шара барысында керуен қатысушылары эвакогоспитальдарда қайтыс болған сарбаздардың бауырлас зиратына және "Мәңгілік алау" мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Ресми деректер бойынша, Қарағанды облысынан майданға 59935 адам аттанған, оның 34352-і Отанына қайтып оралып, 25583-і қаза болған, ал 9399-і хабар-ошарсыз кеткен. 6587 қарағандылық ерлігі үшін ордендермен және медальдармен марапатталды.

1941 жылдың соңында Қарағанды облыстық денсаулық сақтау бөлімі батыс аудандарынан келген жараланғандарды орналастыру үшін 6 госпиталь ұйымдастырды. Ол үшін ең жақсы ғимараттар: фельдшерлік-акушерлік мектеп, мұғалімдер институты, қалалық партия комитеті, "Қарағандыкөмір", "Шахтострой" комбинаттары, "Сұрыптау" темір жол станциясының клубы бейімделген.

Соңғы жаңалықтар