Қарағандыда тағы бір пульмопровизорлық госпиталь ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда ауыр науқастарға арналған орындар көбейеді. Облыстық клиникалық аурухана базасында 350 төсектік пульмопровизорлық госпиталь ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек медициналық мекеменің пациенттерді қабылдауға қаншалықты дайын екендігімен танысты.

Госпитальда 100 төсек жұқпалы, 250 төсек - пульмопровизорлы болады. Мекемеде ӨЖЖ аппараттарымен, пациент мониторларымен және перфузорлармен жабдықталған жансақтау бөлімі бар.

Эпидемиологиялық қауіпсіздік мақсатында барлық үй-жайлар оқшауланып, бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.

Ғимараттың ішінде компьютерлік томограф орнатылған, ал екінші аппарат мұнда жақында қойылады.

Госпитальда COVID-19 бар науқастарды, сондай-ақ түрлі бронхо-өкпе ауруларынан зардап шегетіндерді де қабылдайтын болады.


«Енді бізде жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылғаннан соң, КВИ-мен ауыратын науқастарды инфекциялық госпитальдарға жіберудің қажеті болмайды. Пациент келіп түскенде, біз қанның оттегімен қанығу деңгейін - сатурациясын тексереміз. Егер ол жақсы болса, компьютерлік томография жасаймыз. Қажет болған жағдайда науқасты пульмопровоизорлық бөлімшеге орналастырамыз. Осы кезеңде біз коронавирустық инфекцияға ПТР-тест аламыз. Егер ол оң нәтиже берсе, науқасты жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырамыз», - деп түсіндірді пульмопровизорлық госпиталь басшысы Ләззат Шоланова.

Бір ауысымда 20 дәрігер, 30 медбике мен санитар жұмыс істейді. Сондай-ақ, көмекке әскери дәрігерлер де келді. Олар жұқпалы аурулар бөліміне жетекшілік ететін болады.

Жақында ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Мұнда қайта жобалау жүргізіліп, госпиталь заманауи желдету жүйесімен жабдықталды.


Соңғы жаңалықтар