Қарағандыда тағы бір елді мекен «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына қосылмақ

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Қайнар ауылы келесі жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Аймақ басшысы Ерлан Қошанов Нұра ауданына сапары барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайнар ауылында қазіргі таңда 1300 адам тұрады. Жыл сайын тұрғындар саны артып келеді. Аталмыш елді мекен әлеуеті зор ауылдар қатарына жатады. Мұнда жас мамандар мен басқа да аудандардың тұрғындары көшіп келуде. Олардың басым бөлігі «Қайнар» шаруа қожалығында жұмыс істейді. Шаруашылық әулиекөл асыл тұқымды бұқаларды өсірумен айналысады. «Қайнар» ЖШС басшысы Сейтжапар Нығметов кәсіпорын ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға да қолғабыс ететінін айтады.

«Жақында біздің ауылға Шет ауданынан 12 баласы бар отбасы көшіп келді. Жалпы есептегенде ауылымызда 15 көпбалалы жанұя тұрады. Осындай отбасылардағы аналар жұмыс істей алуы үшін 90 орындық балабақша аштық», - дейді Сейтжапар Нығметов.

Кәсіпкер ауылды көркейтуге және дамытуға үлкен үлес қосуда. Сонымен қатар әлеуметтік бағдарламаларға да белсенді қатысады. Облыс әкімі мұны «Рухани жаңғырудың» нағыз үлгісі екенін атап өтті.

«Егер тұрғындар саны өсіп, жас мамандар осы жерге ұмтылса, онда сіздің ауылыңызды «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына қосуға болады. Біз мұндай мүмкіндікті қарастырамыз. Бұл бағдарлама Елбасының тапсырмасы бойынша әлеуетті ауылдарды дамыту үшін әзірленген», - деді Ерлан Қошанов.

Биылғы жылы Қарағанды облысында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы үш елді мекенде - Нұра, Ұлытау және Атасуда іске асырылады. Жоба аясында ауыл мен кенттерге тұрғын үйлер салуға, жолдарды жөндеуге және елді мекенді дамытуға қаржы беріледі.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Нұра ауданында егіс науқанының қалай жүргізіліп жатқаны туралы да сауалдар қойды. «Қайнар» ЖШС бас агрономы Айнар Нығметов егіс жұмыстары мерзімінде аяқталатынын айтты. Ол сондай-ақ, биылғы жылы кәсіпорында тағы бір, тоғызыншы егіс кешені іске қосылғанын айтты. «Қайнар» автопаркінде 300 трактор жұмыс істейтіні туралы мәлімделді. Ал астықты сақтау үшін мұнда жаңа заманауи қойма салынады.

Қойма 5000 тонна дақыл сақтауға шақталған. Шаруа қожалығы барлық құрылыс жұмыстарын егін жинауға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Нысанның жалпы құны 250 миллион теңгені құрамақ.

«Бұрын бізде өз қоймамыз болған жоқ, сондықтан өнімді бірден және арзан бағамен сатуға тура келді. Жаңа астық қоймасында барлығы автоматтандырылады. Біз ресейлік астық тазалау машинасын сатып алдық. Ол бір сағат ішінде 40 тоннаға дейін астық тазалай алады, сондай-ақ тазалау екі мәрте өткізіледі», - деп түсіндірді «Қайнар» ЖШС директоры Сейтжапар Нығметов.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз үндеулерінде мемлекетіміздің дамуындағы ауылдың маңызды рөлін бірнеше рет атап өтті. Шалғайдағы аудандар мен ауылдарды қолдау үшін Nur Otan партиясы «Ауыл - Ел бесігі» жобасын әірледі.

Ауыллар өсу және тұрақты даму нүктелеріне айналуы тиіс. «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасы аясында елдегі 1500 әлеуетті елді мекен анықталады. Жыл сайын оларды дамытуға 30 млрд теңгеден бөлінетін болады. Қаражат ауылдарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, бағдарлама онда шағын өндірістер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын дамытуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар