Қарағандыда сотталған азаматтардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі өтіп жатыр

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында бас бостандығынан айыру мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ашылды. «Үміт-2019» көрме-байқауы барысында ең үздік жұмыстар таңдалатын болады. Бұл туралы Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш байқау жыл сайын өткізіледі. Биыл оған «Қарағандыға 85 жыл» атты тақырыпта орындалған 70 туынды іріктеп алынды.

«Мұнда картиналар да, қолданбалы өнер бұйымдары да ұсынылған. Бұл байқау сотталған азаматтарға өз таланттарын ортаға салуға мүмкіндік береді. Оның нәтижесі бойынша алты жүлделі орын анықталады. Үздік деп танылған туындылардың авторларына сыйлықтар табыс етіледі», - дейді ҚАЖК департаменті тәрбие бөлімінің бастығы Еркебұлан Қарғалтаев.


Сотталған азаматтардың шығармашылық туындылары арқылы олардың өмірге деген көзқарасын, ойлары мен қоршаған әлемге деген қарым-қатынасын көруге болады. Өнер қылмыс жасаған адамның ішкі жан дүниесінің өзгеруіне ерекше әсер етеді. Ол туралы өнертанушы, қазылар алқасының мүшесі Наталья Иванина да атап өтті.


«Осы секілді көрме-байқаулардың тәрбиелік маңызы зор. Өнер адамға оң жолға түсуге көмектеседі. Жыл өткен сайын бұл көрме қызықтырақ болып келеді. Авторлар түрлі техникаларды қолданып, түрлі материалдармен жұмыс жасайды. Мұнда кәсіби студияларда қолданылмайтын заттар іске жаратылады. Мысалы, көмірден жасалған мүсіннің өзі бір керемет. Сонымен қатар авторлар арасында бояуларды өздері жасайтындары да бар. Материалдарды дайындауының өзі олардың өнермен айналысқысы келетінін көрсетеді. Мұндағы әрбір туынды өзінше ерекше», - дейді Наталья Иванина.

Байқау қорытындысы бойынша станоктік өнер, қолданбалы өнер, бейнелеу және графика номинациялары бойынша үздік жұмыстар таңдалады. Көрме 19 маусымға дейін жалғасады. Кейіннен барлық жұмыстар қарттар үйіне тапсырылады.

Соңғы жаңалықтар