Қарағандыда Солонички ауылына баратын жол биыл жөнделеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. Қазақпарат - Қарағанды Әкімі Нұрлан Әубәкіров өзінің халыққа есеп беру кездесуін бастады. Ол ең алдымен Октябрь ауданының тұрғындарының шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есеп беру кездесуі Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың өңір тұрғындарын қаланың 85 жылдық мерейтойымен құттықтауынан басталды. Аймақ басшысы облыс орталығы тұрғындарының ұсыныстары және шағымдарымен жеке танысу үшін кездесуге қатысты.

«Қарағанды - біздің басты қаламыз, оның дамуына үлкен көңіл бөлінеді. Өткен жылы Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапары кезінде облыс орталығын одан әрі дамыту жөнінде жеке тапсырма берген болатын. Болашақта Қарағанды миллионер қала болуы керек. Біз стратегияны әзірледік, жоспар құрдық», - деді аймақ басшысы.

Жаңа орталық құрылысы бойынша ауқымды жобаны іске асыру басталды. Бірінші кезең аясында 150 гектар жерде жаңа шағын аудан салынбақ. Болашақта құрылыс 1 000 гектардан астам аумақты қамтып, Оңтүстік-Шығысты Майқұдықпен байланыстырады деп жоспарлануда.

Қала әкімі биылғы жылы Қарағандыда қандай өзгерістер болатынын айтып өтті. Жаңа жобалардың қатарында ферросилиций шығаратын зауыт бар. Жобаның құны 30 млрд теңгеден асады және 500 жаңа жұмыс орны ашылады.

Құрылыс саласына келер болсақ, Қарағандыда биылғы жылы Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа шағын ауданда 1 200 орындық мектеп ашылады. Сондай-ақ, 30-шы шағын ауданда осындай мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа орталықта Оқушылар сарайының құрылысы басталады.

Октябрь ауданының тұрғындары шешуді талап ететін мәселелерімен ортаға салды. Кездесуге келген халық балабақшалардың маңын жарықтандыру, Сұрыптау стансасындағы саябақты абаттандыруды және көгалдандыруды, қаланың осы ауданына жолаушылар көлігінің кестесін өзгертуді сұрады.

Солонички ауылына барар жолды жөндеу мәселесі бойынша облыс әкімі жауап берді.

«Солонички тұрғындарының мәселелері туралы мен білемін. Сіздің жерлестеріңіздің бірі маған қабылдауға келді. Жалпы алғанда, кентті дамыту туралы сұрақтар қойылды. Сол кездесуден кейін жаңа балалар алаңы орнатылды және тағы да бірқатар мәселелер шешілді. Жол жөндеуге биыл бюджеттен 248 млн теңге бөлінді. Оның ұзындығы - 9 шақырым. Көктемде жұмыс басталады», - деді Ерлан Қошанов.

14 ақпанда Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров Қазыбек би атындағы аудан тұрғындарымен екінші есеп беру кездесуін өткізеді. Қала тұрғындарын Қарағанды қаласы әкімдігінің үлкен залына шақырады. Кездесу сағат 15.00-де басталады.

Соңғы жаңалықтар