Қарағандыда шатырдан секірмек болған келіншекті құтқарған полицейлерге сыйақы берілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Қарағанды облысының бас полицейі Ерлан Файзуллин жеке құраммен өткізген жедел кеңес барысында көпқабатты үйдің шатырынан секіріп өлмек болған келіншекті құтқарған екі полицейге 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сіздер атқарған іс - тек Қарағанды қаласының ғана емес, бүкіл ел тұрғындарының ризашылығына бөленіп, алғыс айтуға лайықты іс. Өз кәсіби қызметімізге байланысты біз күн сайын түрлі келеңсіз жағдайларға тап боламыз, бірақ сіздердің әрекетіңіз - нағыз ерлік, сондықтан біз сіздерді мақтан тұтамыз. Санаулы секундта дұрыс шешім қабылдап, келіншекті ажалдан құтқардыңыздар. Сіздердің ерліктеріңіз үшін үлкен рахмет», – деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.

Бекзат Омашевтің және Ерасыл Мұраттың батыл және сауатты әрекетінің арқасында адам аман қалды. Қызметтік борышын орындау және адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен батылдығы мен қайсарлығы үшін полицейлер үкіметтік марапатқа ұсынылды.

Келіншекті құтқаруға Қарағанды тұрғыны Айнабекова Наталья Юрьевнаның да қосқан үлесі зор болды. Ол балконның шетінде адам тұрғанын көріп, дереу полицияға қоңырау шалған.

«Сіз бұл жағдайда жедел әрекет жасадыңыз және азаматтық парызыңызды орындап, полицияны дер кезінде шақырдыңыз. Ол үшін мен сізге полиция департаментінің басшылығы және барлық жеке құрамның атынан алғыс айтамын», - деді Ерлан Файзуллин.

Департамент басшысы Наталья Юрьевнаға ІІМ белгісі бар қолсағат пен смартфон табыс етті.

«Бұл телефонға тек өміріңіздің бақытты сәттерін ғана түсіріңіз», - деп атап өтті полиция полковнигі.

Естеріңізге сала кетейік, 8 қараша күні патруль полициясының екі қызметкері өзіне қол жұмсамақ болған қарағандылық келіншекті құтқарған болатын.

Соңғы жаңалықтар