Қарағандыда сайлау карантинді сақтай отырып, қалыпты өтуде - ресейлік байқаушы

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан халықаралық байқаушылар тобы жұмыс істеуде. Таңертең олар облыс орталығындағы және басқа қалалардағы сайлау учаскелеріне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Миссия мүшесі, Кузбасс Парламентінің депутаты, Кемерово мемлекеттік университетінің отан тарихы кафедрасының меңгерушісі Алексей Зеленин сайлау барысы туралы пікірін айтты.

«Біздің делегация құрамында алты адам бар. Біз Қарағанды облысында жұмыс істейміз. Қарағандыдағы бірнеше сайлау учаскесіне, басқа қалаларға барамыз. Қазіргі уақытта бізде ешқандай ескерту жоқ. Бәрі Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, қалыпты өтіп жатқанын көріп отырмыз. Сайлаушылардың ерік білдіруіне ештеңе кедергі емес. Ең бастысы - эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау. Барлық учаскеде жеке қорғаныс құралдарының бар екенін көріп отырмыз», - деп атап өтті ресейлік байқаушы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің №66 сайлау учаскесінде болған кезде.

Ол сайлауды ашық және жария атмосферада өткізудің маңызын атап өтті. Халықаралық байқаушылар жұмысының негізгі қағидаттары - бейтараптық, мемлекеттің ішкі істеріне араласпау.

«Қазақстанда көппартиялықты және саяси бәсекелестікті дамытуға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған реформалар жүргізілді. Бақылаушылар миссиясының жұмысы заңдылық процесін көру үшін өте маңызды. Кемеровтен Қазақстанға жету қиын болды – мен Минск арқылы ұшып келдім. Қарағанды облысына келгеніміз өте жақсы болды. Бізді көп нәрсе біріктіреді: өнеркәсіп те, тарихи байланыстар да», - дейді Алексей Зеленин.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сайран Ұлақовтың айтуынша, сайлаушылар ағыны бірқалыпты жүріп жатыр. Алғашқылардың бірі болып 85 жастағы ақсақал дауыс берді.

«Біз егде жастағы сайлаушыларға қоңырау шалдық – бізде 80 жастан асқан 90-ға жуық адам бар. Кейбіреулер мамандардың үйге келуін өтінді. Алайда көпшілігі өздері келіп, дауыс беретінін айтты. Мен сайлауда бұрындары да жұмыс істегенмін. Коронавирус пандемиясы өз түзетулерін енгізді. Ең алдымен, бұл - санитарлық шараларды қатаң сақтау. Дауыс беру залында ылғалды жинау, кварцтау, желдету жұмысын жүргіземіз. Көріп отырғандарыңыздай, стендте алдыңғы перде жоқ: жабық кеңістікте қауіп көп. Еріктілер кезекшілік етеді, олар ережелерді түсіндіреді және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектеседі», - дейді комиссия басшысы.

ҚР ОСК деректеріне сай, Қарағанды облысы бойынша сайлаушылардың 12.00-ге дейінгі сайлауға келу көрсеткіші - 33,5%. Күні бойы ақпарат жаңартылады.

Сайлаудың алдын ала қорытындысы 22.00-де шығарылады.


Соңғы жаңалықтар