Қарағандыда рұқсатсыз дрон ұшырғандар ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында рұқсатсыз дрон ұшырған операторлар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, рұқсатсыз ұшырылған дрон арқылы әуеден түсірілімдер жасалған.

«Қарағанды облысында жедел әрекет ету тобы әскери нысандардың төбесінен рұқсатсыз дрон ұшырып, түсірілім жасаған операторларды ұстады. Квадрокоптерден әскери бөлім объектілері мен іргелес аумақтың түсірілімі жүргізілген. Аталған ауданда ұшу және әуеден түсірілім жасау үшін алдын ала өтінімдер түспегені анықталғаннан кейін жедел топ әрекетке көшті. Ұсталған адамдар мен олардың ұқшқышсыз ұшу аппараттары Саран ауданының ішкі істер бөліміне тапсырылды. Аталмыш факт Ұлттық қауіпсіздік және Көлік прокуратурасы органдарына хабарланатын болады», - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Қорғаныс министрлігі өз тарапынан ұшқышсыз аппараттан әуеден түсірілім жасау әрекеттері ҚР Әуе кеңістігін пайдалану заңдары мен ережелеріне сәйкес жүргізілуге тиіс екендігін еске салады.

Соңғы жаңалықтар