Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жайы онлайн талқыланды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы идеологиялық жұмыстың негізгі бағыты ретінде үнемі күн тәртібінде болуы тиіс. Осы орайда өткен үш жылда атқарылған игі жобаларды жемісті жалғастыруымен қатар, бағдарламаның нағыз халықтық мәнін ашып, тың жобаларды іске қосу, жұмысты жаңа форматта ұйымдастыру маңызды. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің төрағалығымен өткен онлайн кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Zoom форматында ұйымдастырылған кеңеске облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Бекзат Алтынбеков, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсембекова, Saryarqa Aqparat ЖШС директоры Қамбар Ахметов, облысымыздың барлық қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, жоғары оқу орындары проректорлары қатысты.

– Ақпан айында облыс әкімінің қатысуымен өткен жиналыста «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысын күшейту, бағдарламаны жан-жақты жүзеге асыру жайында тапсырмалар берілген болатын. Біз бүгін сол мәселелердің қалай шешіліп жатқанын қарастырып, алдағы жоспарларды талқылаймыз, — деген А.Нүкенов бағдарлама аясындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып өтті.

Елдегі төтенше жағдай шараларына байланысты біраз жоспарды шегеруге тура келгенімен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы идеологиялық жұмыстың негізгі бағыты ретінде карантин уақытында назардан тыс қалмауы керектігін атап айтты.

Бұдан әрі сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын 2019 жылғы жұмыстың нәтижесіне талдау жасап, алдағы уақытта назарға алынуға тиіс мәселелер туралы айтты. Бағдарлама жұмысын қарқындату үшін тың идея, жаңа жобалар, жалпы жұмыстың жаңа форматын іздеу қажеттігін алға тартты.

Айта кету керек, қазір облыста бұл бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынған. Облыс әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып Бекзат Алтынбеков бекітілді және облыстық жобалық кеңсенің басшылығына Айтбай Жұмағұлов тағайындалды. Жобалық кеңсе «Saryarq aqparat» медиахолдингі құрамына енгізіліп, кеңсе жұмысында мазмұндық өзгерістер болды. Қазіргі күні штаттық құрылымы нақтыланып, кадрлық құрам толықтырылу үстінде.

Келесі кезекте сөз алған жобалық кеңсе басшысы Айтбай Жұмағұлов жыл басынан бері жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта іске қосылатын жобалармен таныстырды.

— Әлемдік пандемия біраз жоспарларымызды тежеді. Барлық іс-шаралар, өңірлердегі жобалар карантин уақыты біткен соң қарқынды жүзеге асырыла бастайды», — деген ол кей аудандарда күні бүгінге дейін бағдарламаға жеткілікті деңгейде мән берілмей келе жатқанын мәлімдеді.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов барлық аудан-қалалар бағдарламаның орындалуына белсенді қатысуы қажет екенін атап айтты. Әсіресе, былтыр төмен нәтиже көрсеткен аудандар белсенді жұмыс істеуі керек. Әрі бұған төтенше жағдай мен карантин кедергі келтірмеуі тиіс.

«Рухани жаңғыру» бағытындағы жұмыстарыңызды сараптап, облыстық жобалық кеңсемен бірлесе отырып, жұмысты жандандырыңыздар! Карантин себеп емес! Керісінше осы уақытта тың идеялар ұсынып, бағдарламаның нағыз халықтық мәнін ашып, жұмыс істеулеріңіз керек, — деді Абзал Нүкенов.

Кеңес жұмысына қатысушылар ұлт руханиятының шынайы жанашыры әрі нақты қолдаушысы Бекзат Алтынбековтің оралымды ойлары мен орнықты пікірлеріне де қызыға құлақ түрді.

Бұдан бөлек, жиын барысында «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова бағдарламаға арналған әдістемелік нұсқаулықпен таныстырды.

А.Нүкенов ғалым бұл нұсқаулықты барлық аудан, қалалар, басқарма басшылары, әсіресе білім беру мекемелері, колледж, жоғары оқу орындар, мәдениет мекемелері өз жұмыстарында басшылыққа алуы қажеттігін атап айтты.

Сонымен қатар, жиын барысында Мәдениет, архив және құжаттама басқармасы басшысы Еркебұлан Жұмекенов облыста «Қазақстанның киелі географиясы», «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы», «Ұлы дала есімдері. Қарағанды облысының көрнекті тұлғалары» және басқа да маңызды жобалардың аясында атқарылған жұмыстарды баяндады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқаны туралы Экономика басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Әбішева айтып берді.

Онлайн кеңес түйінінде облыс әкімінің орынбасары күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдағы кезеңде атқарылуы тиіс жұмыстардың жобасын саралап, салалық бағыттарға жауапты мемлекеттік мекемелердің міндеттерін тағы бір мәрте нақтылап өтті.



Соңғы жаңалықтар