Қарағандыда роуп-джампингте қаза болған келіншекке қатысты сот отырысы басталды

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Роуп-джампинг нұсқаушысының арнаулы біліктілігі болмаған. Бұл туралы қонақ үй төбесіндегі аттракционнан секіріп, көз жұмған 33 жастағы Евгения Леонтьеваның өліміне қатысты іс бойынша соттың бірінші отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында қаралды. Анықталғанындай, 32 жастағы сотталушы еңбек шартынсыз, бейресми түрде роуп-джампинг нұсқаушысы болып жұмыс істеген. Оны «Fly Kazakhstan» ЖШС директоры жұмысқа алған. Ал, бұл компанияның иесі Ресейде тұрады.

Сондай-ақ, сотталушының биіктіктен секіру бойынша арнайы біліктілігі мен жұмыс тәжірибесі жоқтығы белгілі болды. Оған секіретін адамға қауіпсіздік белбеуін бекіту, секіру алдында оны дайындау және нұсқау беру міндеттері артылған. Прокурор компанияның аттракциондарды қауіпсіз пайдалану ережелерін реттейтін құжаттары жоқ екенін атап өтті.

«Сотталушы екінші нұсқаушы жауап беретін тежегіш жүйесінің дайындығына көз жеткізбеген. Ол одан ауызша дауыс белгісін немесе оның дайындығы туралы қимыл ишаратын алмаған. Осылайша, секіруге қауіпті жағдай жасап, қылмыстық немқұрайлылық танытты, тежегіш жүйенің дайындығына көз жеткізбеді, Леонтьеваға шатырдың парапетіне тұруды нұсқады. Бұл - адамның секіруге толық дайындығын білдірді. Осыдан кейін Леонтьева төмен қарай секірген. Асфальтқа құлап, металл құрылымға соғылған. Ауыр зақым алып, есінен танып қалған. Ол Мақажанов атындағы клиникаға жатқызылып, есін жимастан қайтыс болды», - деп баяндады прокурор.

Қайғылы оқиға кезінде марқұмның жанында жұбайы мен достары болған.

«Менің ойымша, сотталушы айыпты. Ол екінші нұсқаушымен әрекеттерін келіспеді, төменге қарамады, тежегіш кабельдің байланғанына көз жеткізбеді. Ол жай ғана оған «секіріңіз» деді. Бұл өте қиын жағдай... Мұндай қайғыны ешкімге тілемеймін. Мен оның заңға сәйкес жазаланғанын қалаймын. Бұл оның және осы компанияның директорының жүз пайыз кінәсі. Директорды таба алмай жатыр дейді, ол іздеуде. Мен сотталушының анасымен кездестім. Ол баласы үшін кешірім сұрады. Бірақ жұбайымның анасына ешкім келген жоқ. Бетпе-бет кездесуде де бір-бірімізге қарама-қарсы отырдық, ол тіпті кешірім сұрамады. Мен бәрінің әділ болуын талап етемін», - деді сотта марқұмның күйеуі Александр Ткаченко.

Алайда сотталушының өзі кінәсін мойындамай отыр.

Бүгінгі отырыста судья бір ғана куәгер – Антон Шевелевтің жауабын тыңдай алды. Ол да әйелімен бірге сол күні қайғылы оқиға орнында болған. Евгения секірер алдында оның жұбайы Светланамен орын ауыстырыпты.

«Ол қорқып, секіргісі келмеді. Сондықтан, Светлана бірінші болып секірді. Содан кейін Женя тағы да қорықты, мен оның орнына секіргім келді, бірақ сотталушы одан секіруін талап етті», - деді Антон Шевелев.

Қысқа үзілістен кейін айыпталушы өзін нашар сезінетінін мәлімдеп, соттан процесті басқа күнге ауыстыруды сұрады. Келесі отырыс 26 сәуірде өтеді.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға өткен жылдың 10 қазанында болған.

Сотталушы орындығында роуп-джампинг нұсқаушысы отыр. Оған ҚР ҚК 306-бабының 3-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша айып тағылды.

Сарапшылардың пікірінше, Евгенияның қайтыс болуына аттракцион кабелінің бекітілмегені себеп болған. Аттракционды ұйымдастырушылар 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар