Қарағандыда пештен уланған төрт адам ауруханаға жеткізілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда төрт адамға иіс тиді. Мамандардың айтуынша, оқиғаға пешті пайдалану ережесін сақтамау себеп болған. Ауруханаға 80 жастағы әжей, 43 жастағы әйел мен екі жасөспірім жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1 наурыз күні сағат 1:45-те Қарағанды қаласының Шахтерский шағын ауданында ыстан улану туралы хабарлама келіп түсті. Көмір жағатын пешті пайдалану ережесін бұзу салдарынан 1941 және 1978 жылы туған әйелдер мен он төрт және он жеті жастағы екі қыз уланып, ауруханаға жатқызылды.

Мұржада жарық болған әрі кірпіштері сынық болған.

Қазір екі қыз да облыстық ауруханада жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалайды. Ересектер ауруханаға жатудан бас тартты.

Осындай оқиғаларды болдырмау үшін Қарағанды облысының ТЖ департаменті халық арасында тұрақты негізде үгіт-профилактикалық шарасын жүргізеді. Жылыту маусымы басталғаннан бері мамандар 176 мыңнан астам адамды қамти отырып, 64 мыңнан астам тұрғын үй секторын аралады. 2020 жылдың тамыз айынан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйіне 867 сенсор құрылғы орнатылды, оның 150-і түтінді, 717-і улы газды анықтайды.

Соған қарамастан, улы газдан 2 адам көз жұмып, 25 адамның денсаулығына зақым келген.

Қарағанды облысының ТЖД тұрмыстағы қауіпсіздік талаптарын сақтауды еске салады. Жылыту жүйесін үнемі тексеріп, қажет болған жағдайда жөндеуді ұсынады. Ақаулы пешті, қазанды, электр қыздырғыш және газ аспаптарын пайдалануға болмайды. Мұржаның күйесін тазарту керек. Ашық есіктері бар пешті жақпау, отты бензинмен, керосинмен немесе басқа да тез тұтанатын сұйықпен тұтатпау, пешті қараусыз қалдырмау және жанып жатқан пешті қадағалауды балаға тапсырмау.

Сондай-ақ, мамандар электр аспаптары мен электр сымдарын жарамды күйде ұстау қажеттігі, электр желілерін шамадан тыс жүктемеу керектігі туралы еске салады.


Соңғы жаңалықтар